Талғат Мусаев: Мемлекеттік рәміздер халықтың рухын көтеретін күш болуы керек
Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында белгілі рәмізтанушы, мәдениет қайраткері Талғат Мусаев Elordainfo.kz тілшісіне сұхбат беріп, Көк Ту мен Елтаңбаның қабылдану тарихы, қазіргі қоғамдағы орны және рәміздерді дәріптеудің өзекті мәселелері туралы айтты.
– Талғат Қостайұлы, сіздің Мемлекеттік рәміздерге қатысты заңнамалық жұмыстарға қатысып, арнайы комиссия құрамында болғаныңызды білеміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ту мен Елтаңбаны қабылдау кезінде қандай тарихи сәттердің куәсі болдыңыз?
– Арнайы уақыт тауып келгеніңізге көп рақмет! Сіз арқылы Elordainfo.kz басылымының оқырмандарын, барша отандастарымызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
1992 жылы Мемлекеттік рәміздер қабылданған кезде мен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Механика және қолданбалы математика факультетінде оқып жүрген едім, жалынды жастық шағымыз еді. Бір күні кенеттен бізді еліміздің жаңа туын талқылау рәсіміне көрермен ретінде шақырғанда қуанышымызда шек болмады. Залға кіргенде қабырғалар толы жобаларды көріп, көзіміз тұнды. Сөйтсек, Жоғарғы Кеңестің ұйымдастыруымен өткен бұл бәйгеге әлемнің түкпір-түкпірінен 1 200-ден астам үміткер жұмысын жіберіпті. Тіпті шетелдің мүйізі қарағайдай атақты суретшілері де қалыс қалмапты. Ең кереметі – билік халықтан ештеңе жасырған жоқ, талқылау өте ашық өтті. Біз, студенттер сол жерде тұрып, қызыл коммунистердің: «тудың түсі қызыл болуы керек, алып пролетариаттың белгісі» деген сөздерін естідік. Депутаттар пікірін айтты, жастар жағы қызу пікірталасты тыңдадық. Бойымызды «Біз өз мемлекетіміздің тарихын өз қолымызбен жазып жатырмыз» деген ұлы сезім ұялады.
Бастапқыда Туымыздағы күн мен қыран бейнесі байрақтың бұрыш тұсында орналасқан болатын. Кейін мемлекет басшылығының ұсынысымен композициялық тұрғыдан тиімді шешім қабылданып, олар тудың орталық бөлігіне орналастырылды. Шәкен Ниязбеков ағаның еш ренжіместен, залда отырып-ақ сызғышын суырып алып, математикалық дәлдікпен күнді ортаға көшірген сәті нағыз шебердің кәсібилігі мен кішіпейілділігінің үлгісі еді.
Ең қызу талқыланған мәселенің бірі – Тудың түсі болды. Жоғарғы Кеңестің бірнеше депутаты мен ескі жүйенің өкілдері: «Қызыл түс – бұл мемлекеттіліктің, күрестің және революцияның белгісі, Туды қызыл немесе қызыл-көк қылайық» деп табандап тұрып алғанын көзіміз көрді. Ол кезде кеңестік кезеңнен қалған көзқарас әлі де басым еді. Алайда Ту авторы Шәкен Ниязбеков көк түстің бейбітшіліктің, ашық аспанның, түркі дүниесінің және халқымыздың азаттыққа деген ұмтылысының белгісі екенін дәлелдеп берді. Бүгін көкте желбіреген қыран үстіндегі Көк туымызды көрген сайын сонау 1992 жылғы Алматыдағы сол бір ашық алаң мен жастық шағымның дүбірі есіме түседі. Біз де сол тарихи үдерістің куәсі болдық. Сол сәтте Көк Тудың тағдыры шешілді деуге болады. Бүгінде бүкіл әлем танитын байрағымыздың қабылдануы – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең маңызды шешімдердің бірі деп қабылдадым.
Бұл студент шағымда Мемлекеттік рәміздермен алғашқы танысуым болса, екіңнші рет 2004 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қоғамдық саяси жұмыс департаменті директоры Арман Оразбайұлы Қырықбаевтың ұйымдастыруымен ҚР «Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңы мен осы заңнан туындайтын Мемлекеттік рәміздерді орналастыру мен оларды жою жөніндегі ҚР Үкіметінің қос бірдей маңызды қаулы жобасын әзірлеу жұмысының бел ортасында болу бақыты маған да бұйырды. Бұл кезеңде рәміздер тек мемлекеттіліктің сыртқы атрибуты ретінде қабылданды. Алғашқы жылдары нақты техникалық стандарттар (түс кодтары, пантеон, материал сапасы) болмағандықтан, өндірісте ала-құлалық, түстердің әртүрлі реңкте басылуы жиі кездесті. Осы олқылықты жою үшін заңнамалық реформа қажет болды. Көк байрағымыз бен Елтаңбамыз – тәуелсіздігіміздің тірі рухы, егемен еліміздің қастерлі тұмары. Осы қасиетті нышандардың төрден орын алуы мен уақыт тоздырғандарын қастерлеп жою тәртібін заңдастыру үлкен тарихи жауапкершілік ретінде маған артылған жүк екенін бар жан-дүниеммен түсіндім.
Үкіметтің бұл жай ғана ресми құжат емес, мемлекеттік айбынымызды айшықтайтын ерекше ережелер жиынтығы ретінде жобаның әрбір сөйлемі мен үтірі сарапшылар алдында салмақталып, еліміздің 16 жетекші мемлекеттік органының сүзгісінен өтіп, ҚР Әділет министрлігінің келісімін алу, қаулыға кірген әрбір жаңашылдықты заңгерлер алдында дәлелдеу қиындығын басымнан өткердім, оған мойымадық. Екі жобаны да аяғына дейін жеткізіп, ҚР Премьер-министрінің қол қоюына дейін жеткізіп, зерделедік. Бұл талқылауларға ең білікті заңгерлер мен геральдика сарапшыларды бір арнаға тоғыстырып, күні-түні уақытпен санаспай жиналыстар өткіздік, көрші мемлекеттердің озық үлгілерін сараладық. Республика көлемінде ұлттық мүддені қастерлеудің ортақ мәмілесін ақпараттық-насихаттық топ құрып, елге жан-жақты түсіндірдік. Ауқымды пікірталастар мен ұзақ талқылаулардан кейін, құжаттар Үкіметтің ресми шешімі ретінде жарық көрді. Жаңа қаулы Көк ту мен Елтаңбаны мемлекеттік мекемелерде орналастырудың салтанатты стандартын бекіттік.
Сонымен қатар мерзімі өткен рәміздерді қоқысқа тастамай, арнайы рәсіммен, ерекше құрметпен жою тетігі нақтыланды. Бұл ережелер қасиетті белгілеріміздің қадірін қашырмай, қастерлей білудің жаңа мәдениетін қалыптастырды. Осынау мемлекеттік маңызы бар зор процесті тікелей үйлестіру менің жүрегімді ерекше мақтаныш сезіміне бөледі. Бұл ауыр да абыройлы еңбек жолында әрбір маманның қосқан үлесі ел тарихына жазылған өшпес із болып мәңгі жазылып қалды. Қаулының қабылдануы мемлекеттік эстетикамыз бен ұлттық намысымызды жаңа бір биікке көтерді. Туымыз тұғырлы, Елтаңбамыз еңселі болып, қасиетті рәміздеріміз әрқашан биікте асқақтай берсін демекпін.
– Рәміздерді бекіту кезінде қоғам мен комиссия арасында ең көп талқыланған мәселе қандай болды? Қандай ұсыныстар соңғы сәтте қабылданбай қалды?
– Тудың өзінде де, Елтаңбада да түрлі ұсыныстар болды. Кейбіреулер мемлекеттік рәміздерге өндірісті білдіретін тетіктерді, бидай масақтарын немесе кеңестік кезеңнен қалған басқа да элементтерді енгізуді ұсынды. Көптеген жобаларда Елтаңбаның ортасына Алатаудың суретін, Хан Тәңірі шыңын, тіпті сол кездегі сәулеттік жобалар – «Ақ орда» мен Тәуелсіздік монументінің (Алтын адамның) бейнесін тікелей салу ұсынылды. Кейбір депутат: «Елтаңбада міндетті түрде бидай сабағы мен зауыттың тісті дөңгелегі (шестеренка) болуы керек, бұл біздің еңбекқорлығымызды көрсетеді» деп кеңестік стереотиптен шыға алмағанына куә болдық. Бірақ авторлар Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов қазақ дүниетанымының өзегін көрсететін шаңырақты негізгі белгі ретінде таңдады.
Шаңырақ – Қазақстандағы барлық этностың ортақ үйін білдіреді. Ал бесжұлдыз болса бес құрлықта мекен еткен әлеммен еліміз ашық қарым-қатынас орнатуға ұмтылысын бейнелейді. Уақыт өте келе, бұл шешімдердің дұрыстығын өмірдің өзі дәлелдегеніне көзім жетті.
Сол күндері заңнамалық мәтіндерді түзгенде әр сөзге, әр үтірге абай болдық. Себебі біз жай ғана заң емес, егемендіктің іргетасын қалап жатқан тарихи сәттерге куә болдық. Бүгінде арада жылдар өтіп, сол өзгерістердің нәтижесінде Туымыз зәулім ғимараттарда биіктігіне сай өлшеммен желбіреп, Елтаңбамызда «QAZAQSTAN» жазуы латынша айшықталып, Әнұранымыз әлемді шарлап тұрғанын көргенде сол комиссияда атқарған әрбір сағатымыздың, әрбір «айтысымыздың» текке кетпегенін ерекше түсінемін. Ол – Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылдарында атқарған қажырлы еңбектер еді.
– Ту авторы Шәкен Ниязбековпен, Елтаңба авторлары Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановпен бірге жұмыс істедіңіз. Олар туралы көпшілік біле бермейтін қандай деректер айта аласыз?
– 2004 жылы Мәдениет министрлігінің Қоғамдық-саяси жұмыс департаментінің Саяси жобалау және әлеуметтік технологиялар бөлімінің бастығы қызметін атқарған кезімде республикалық Мемлекеттік рәміздер комиссиясының жұмысын үйлестіруші тікелей жауапты маман болдым. Сол кезеңде Шәкен Ниязбековпен, Жандарбек Мәлібековпен және Шот-Аман Уәлихановпен бірге жұмыс істеудің алтын уақыты сәттері түсті.
Елтаңбаның авторы өте еңбекқор әрі мемлекетшіл тұлға Жандарбек Мәлібековпен жақын ағалы-інілі болып араластық. Ағамыз Астанада арнайы Мемлекеттік рәміздердің Орталық үлкен алаңын құру идеясын жиі көтеретін. «Сол алаңның жанынан Тәуелсіз еліміздің жылдарындағы қабылданған мемлекеттік рәміздерімен, гимндерінің жазылу тарихын, авторларына қатысты тарихи деректерді бір орталық мұражай етіп ашып жинақтасақ» деген де мәселелер көтерілді. Осы дүмпудің пәрменімен облыс орталықтарында ашылған Мемлекеттік рәміздер алаңы мен Астана қаласындағы орналасқан Мемлекеттік Тудың орнатылуына себеп болдық. Кейін еліміздің көптеген өңірінде Ту тұғырлары мен Рәміздер алаңдарының пайда болуы осы бастамалардың заңды жалғасына айналды.
Ал Шот-Аман Уәлиханов өте байсалды, кәсіби деңгейі жоғары сәулетші болатын. Ол Мемлекеттік рәміздерге қатысты ең ұсақ детальдің өзіне ерекше мән беретін.
Өкінішке қарай бүгінде көпшілік бұл тұлғалардың еңбегін толық біле бермейді. Мемлекеттік рәміздердің авторлары туралы деректі фильмдер, кітаптар, ірі қалаларда Мемлекеттік рәміздер авторларының суреттерін үлкен тұрғын үй қабырғаларына патриоттық муралдар ретінде салып, танымал ету авторларға деген құрмет болар еді. Сонымен қоса танымдық жобалар әлдеқайда көп болуы тиіс деп есептеймін.
– Бүгінде Мемлекеттік Ту мен Елтаңбадағы әрбір элементтің мағынасы толық ашылып болды деп ойлайсыз ба?
– Меніңше, рәміздердің философиялық мазмұны толық ашылды деп айтуға әлі ерте. Көпшілік Тудағы күн мен қыранның немесе Елтаңбадағы шаңырақтың жалпы мағынасын біледі. Бірақ олардың астарындағы терең идеяларды жастарға цифрлық және технологиялық идеялармен заманауи 3D тілімен түсіндіру қажет. Смартфонды Туға немесе Елтаңбаға жақындатқанда, оның элементтері (Қыран, Тұлпар, Шаңырақ) 3D форматында «тіріліп», тарихын айтып беретін мобильді қосымша әзірлеу, Telegram, WhatsApp, TikTok желілері үшін Көк ту мен ұлттық құндылықтарды заманауи, трендтегі сөздермен ұштастырған анимациялық стикерлер топтамасын шығару, мектептердегі шаң басып тұратын ескі стендтердің орнына интерактивті сенсорлы экрандар орнату – кезек күттірмес шаралар. Әлем секунд сайын қарыштап дамып жатыр, жастарымыз осы додадан қалмау керек.
Қазіргі таңда ақпараттық кеңістік түбегейлі өзгерді. Сондықтан жасанды интеллект, анимация, интерактивті платформалар мен қысқа бейнематериалдар арқылы әрбір рәміздің тарихын жаңа тәсілдермен түсіндіру жұмыстарын көптеп жүргізуіміз керек. Озық идея авторларын марапаттап, көпшілікті ынталандырып, талпындыруымыз керек.
– Сіздің ойыңызша, тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтардың рәміздерге деген көзқарасы қалай өзгерді?
– Жалпы алғанда құрмет артты деп ойлаймын. Бүгінде Көк Ту халықаралық спорт жарыстарында, мәдени іс-шараларда, әлемдік сахналарда Қазақстанның символына айналды.
Алайда кейде рәміздерді құрметтеу шынайы патриотизмнен гөрі формалдылыққа ұқсап кетеді. Мемлекеттік рәміздерді адамдар қорқып емес, мақтанышпен қадірлеуі керек.
Мысалы, мектептерде Әнұранды тек міндет ретінде орындату жеткіліксіз. Балалар оның мәнін түсініп, жүрегімен қабылдауы қажет. Рәміздер адамға қуаныш, мақтаныш және елге деген сүйіспеншілік сезімін сыйлауы тиіс деп ойлаймын.
– Мемлекеттік рәміздерді пайдалану, орналастыру және жою тәртібін реттейтін заңдарды қабылдауға қандай қажеттілік себеп болды?
– 2004 жылы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңды қабылдауға бірнеше маңызды себеп болды.
Біріншіден, сол кезде рәміздерді дайындаудың бірыңғай стандарты болмады. Түрлі мекемелер әртүрлі түстегі, яғни кейбірі ашық көк, енді бірі қою көк түсті Тулар мен Елтаңбаларды пайдаланды. Кейбірінің сапасы өте төмен еді.
Екіншіден, Мемлекеттік рәміздердің элементтері коммерциялық мақсатта ретсіз қолданыла бастады. Мысалы, ұлттық нышандар кейбір тауарларда орынсыз пайдаланылды.
Үшіншіден, рәміздерді орналастыру, пайдалану және жою тәртібі нақты регламенттелмеген болатын. Сондықтан біздің тарапымыздан көптеген ұсыныс айтылып, арнайы заң қабылданып, кейін мемлекеттік стандарттар енгізілді. Тудың түсінен бастап өлшеміне дейін нақты талаптар белгіленді.
Осы бағыт бойынша 2004 жылдан бастап бірнеше жыл бойы жүйелі жұмыс атқарылды. Соның нәтижесінде бүгінде Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәдениеті жаңа деңгейге көтерілді.
– Соңғы жылдары Елтаңбаны өзгерту туралы пікірлер айтылып жүр. Бұл бастамаларға көзқарасыңыз қандай?
– Менің ойымша, бүгінгі басты мәселе – рәміздерді өзгерту емес, оларды құрметтеу мен дәріптеуді мемлекеттік деңгейде күшейту.
Мемлекеттік Ту мен Елтаңба отыз жылдан астам уақыт ішінде уақыт сынынан өтті. Олар тәуелсіз Қазақстанның танымал әрі мойындалған рәміздеріне айналды. Сондықтан бүгін біз рәміздерді ауыстыру туралы емес, олардың маңызын өскелең ұрпаққа терең түсіндіру туралы көбірек ойлануымыз керек.
Бізге Туды немесе Елтаңбаны өзгерту емес, ғылымды, экономиканы, мәдениетті дамыту арқылы сол рәміздердің беделін халықаралық аренада көтеру маңызды болу керек.
– Сіз «рәміздерді қорғау ғана емес, оларды дәріптеу маңызды» деп жиі айтып жүресіз. Бүгінде бұл бағытта не нәрсе жеткілікті істелмей отыр деп ойлайсыз?
– Меніңше, біз мемлекеттік рәміздерді қорғау мәселесіне көбірек көңіл бөлдік те, оларды халықтың жүрегіне жеткізу жағын толыққанды жолға қоя алмадық. Рәміздерге деген құрмет тек заңмен немесе айыппұлмен қалыптаспайды. Ол мақтаныш сезімі арқылы ғана жүрегіне мәңгі орнығады.
Бүгінде Мемлекеттік рәміздер күні көбіне бір күндік іс-шаралармен шектеліп қалады. Ал шын мәнінде бұл жұмыс жыл бойы үздіксіз жүргізілуі керек.
Мемлекеттік рәміздер туралы сапалы мультфильмдер, комикстер, деректі фильмдер, қысқаметражды туындылар мен әлеуметтік желілерге арналған заманауи контент көбірек дайындалуы тиіс. Сондай-ақ QR-кодтар мен цифрлық технологиялар арқылы Ту мен Елтаңбаның тарихын таныстыратын жобаларды дамыту қажет.
Сонымен қатар Көк Туды әлемдік ареналарда көтеріп жүрген спортшыларды, елдің атын шығарып жүрген ғалымдарды, өнер адамдары мен қарапайым еңбек адамдарын көбірек насихаттау керек. Өйткені мемлекеттік рәміздердің беделі сол рәміздерді абыроймен танытып жүрген азаматтардың жетістігі арқылы да артады.
Менің ойымша, бұл бағытта білім беру ұйымдары, мәдениет саласы, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар және цифрлық платформалар бірлесе жұмыс істеуі керек. Мемлекеттік рәміздерді ұлықтау бір реттік акция емес, ұлттық идеологияның маңызды бөлігіне айналуы қажет.
– Біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде Елтаңбаны сындыру және Туды өртеу сәті түсірілген видеолар тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кейін бұл ескі рәміздерді заң талаптарына сәйкес жою рәсімі екені анықталды. Мұндай жағдайлар рәміздерге деген қоғамдық құрметке кері әсер етпей ме?
– Мұндай жағдайларда түсіндіру жұмысы өте маңызды. Иә, заң бойынша жарамсыз болып қалған Мемлекеттік рәміздерді жоюдың арнайы тәртібі бар. Бірақ оны бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерге тарату қоғамда қате түсінік қалыптастыруы мүмкін.
Адамдар видеоны көрген кезде оның заңды рәсім екенін емес, Мемлекеттік рәміздерді қорлау ретінде қабылдайды. Сондықтан мұндай мәселелерде жауапты органдар алдын ала түсіндіру жұмысын жүргізіп, қоғамға нақты ақпарат беруі қажет.
Менің ойымша, рәміздерді жою рәсімінің өзі заңды болғанымен, оның жариялылығы мен көрсетілу формасына қатысты қосымша талаптарды қарастыру артық болмайды. Резонанс тудырған бейнежазба сол жердегі жауапты мамандардың жіберген қателігін көрсетті.
– Қазіргі кезде мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда рәміздерді пайдалану талаптары қаншалықты сақталып отыр? Ең жиі кездесетін заңбұзушылықтар қандай?
– Соңғы жылдары бұл бағытта үлкен тәртіп қалыптасты. Бұрын Тудың түсі, өлшемі, сапасы әртүрлі болып келсе, қазір мемлекеттік стандарттар нақты бекітілген.
Дегенмен әлі де кездесетін мәселелер бар. Кейде Мемлекеттік Тудың тозған күйде ілініп тұруы, рәміздердің орналасу тәртібінің сақталмауы немесе сапасыз көшірмелердің пайдаланылуы байқалады. Бұл, әсіресе, шалғай елдімекендерде кездеседі.
Мұндай жағдайда ең алдымен түсіндіру және алдын алу жұмыстары маңызды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауы керек.
– Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты Мемлекеттік рәміздерді әлеуметтік желілерде, жасанды интеллект өнімдерінде немесе цифрлық платформаларда пайдалану мәселесі өзекті болып отыр. Бұл бағыттағы заңнаманы жетілдіру қажет пе?
– Әрине, уақыт талабына сай жетілдіру қажет. Қазір жастардың негізгі ақпарат алатын алаңы – әлеуметтік желі. Сондықтан Мемлекеттік рәміздерді цифрлық ортада пайдалану мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Сонымен бірге жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды патриоттық тәрбие құралы ретінде тиімді пайдалану керек. Мысалы, анимациялық жобалар, интерактивті қосымшалар, виртуалды көрмелер мен цифрлық білім беру платформалары арқылы Ту, Елтаңба және Әнұранның тарихын кеңінен насихаттауға болады.
– Жастар арасында патриотизмді қалыптастыруда Мемлекеттік рәміздердің рөлі қандай? Бұл бағыттағы жұмысты қалай күшейтуге болады?
– Мемлекеттік рәміздер – патриоттық тәрбиенің өзегі. Бірақ патриотизм тек ресми іс-шаралармен немесе бір күндік акциялармен қалыптаспайды.
Мектептер мен жоғары оқу орындарында рәміздердің тарихын оқытудың заманауи тәсілдерін енгізу қажет. Мысалы, арнайы интерактивті бұрыштар, QR-код арқылы жұмыс істейтін танымдық жобалар, шығармашылық байқаулар мен тарихи квесттер ұйымдастыруға болады.
Ең бастысы, жастар рәміздерді міндет ретінде емес, өзінің жеке мақтанышы ретінде қабылдауы керек. Патриотизм қорқыныштан емес, мақтаныштан туындайды.
– Халықаралық жарыстарда Көк Тудың көтерілуі халықтың ерекше мақтаныш сезімін оятады. Мұндай сәттердің ұлттық бірегейлікті нығайтудағы маңызы қандай?
– Спорттағы жеңістер Мемлекеттік рәміздердің беделін арттыратын ең қуатты құралдың бірі. Олимпиадада немесе әлем чемпионатында Көк Ту көтеріліп, Әнұран орындалған сәтте бүкіл халық бір сезімді бастан кешіреді.
Мұндай сәттер азаматтарды ортақ құндылықтардың айналасына топтастырады. Сондықтан біз рәміздердің өзін ғана емес, сол рәміздерді әлемдік деңгейде танытып жүрген спортшыларды, ғалымдарды, өнер адамдарын және талантты жастарды көбірек насихаттауымыз керек.
– Қазіргі заңнамада қандай өзгерістер енгізілуі тиіс деп есептейсіз?
– Мемлекеттік рәміздерді дәріптеудің бірыңғай ұлттық бағдарламасы қажет деп ойлаймын. Бұл жұмысқа білім беру ұйымдары, мәдениет саласы, бұқаралық ақпарат құралдары, цифрлық даму құрылымдары және қоғамдық ұйымдар бірлесе қатысуы тиіс.
Сонымен қатар балалар мен жастарға арналған сапалы патриоттық контент өндіруге ерекше көңіл бөлінуі керек. Бүгінгі заманның талабына сай рәміздерді насихаттау әдістері де жаңарып отыруы қажет.
– Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерін қалыптастыру кезеңіне қатысқан азамат ретінде жастарға қандай аманат айтар едіңіз?
– Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – тек заң талабы емес, ол елге деген құрметтің белгісі.
Мен жастарға Ту, Елтаңба және Әнұранды жай ғана ресми атрибут ретінде емес, тәуелсіздіктің ең қастерлі құндылықтарының бірі ретінде қабылдауды аманат етер едім. Қазақстанның болашағы ғылымда, білімде, технологияда және отансүйгіш ұрпақтың қолында.
Көк Туды әлемдік ареналарда көтеретін де, Елтаңбаның абыройын асқақтататын да – бүгінгі жастар. Сондықтан әр азамат өз еңбегімен елдің беделін көтеруге үлес қосуы керек.
– Сұхбатыңызға рақмет!