306 рет жол ережесін бұзған жүргізуші 10 тәулікке қамалды

306 рет жол ережесін бұзған жүргізуші 10 тәулікке қамалды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада жол қозғалысы ережесін жүйелі түрде бұзған 25 жастағы жүргізуші 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мониторинг барысында «Hyundai Palisade» көлігінің жүргізушісі анықталған. Ол тек биылдың өзінде жол қозғалысы ережелерін 306 рет бұзған. Оның 169-ы белгіленген жылдамдықты асыруға қатысты болса, 134 жағдайда автобус жолағымен жүрген.

Мәселен, 3 мамырда бейнебақылау камералары жүргізушінің «Ұлы дала» даңғылымен сағатына 137 шақырым жылдамдықпен жүргенін тіркеген.

Құқық бұзушылықтардың қоғамдық қауіптілігі мен жүйелі сипатын ескерген сот жүргізушінің әрекетін ұсақ бұзақылық деп бағалап, оған 10 тәулікке әкімшілік қамақ түріндегі жаза тағайындады.

Елорда прокуратурасы жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолдағы қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Бұған дейін ЖИ-камера Астана – Қарағанды тасжолындағы адам өліміне әкелген жол апатын тіркегенін жазғанбыз.