Ғалым: Каспий теңізінің тартылуы – ғаламдық табиғи апаттың бірі
Соңғы жылдары Каспий теңіздегі су деңгейінің құбылуы көпшілікті алаудатып отыр. Elordainfo.kz тілшісі осы мәселеге қатысты сауалдарға жауап іздеп «Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» комерциялық емес акционерлік қоғамы Теңіз экспедициясы жасағының жетекшісі Мереке Әбдірахметовпен тілдесті.
Еуразия құрлығындағы Каспий теңізі – әлемдегі ең үлкен тұйық су айдыны болып саналады. Теңіз 5 мемлекетпен шектеседі. Олар – Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан, Иран. Қазақстанға теңіздің 29%- тиесілі. Каспийде 1 800-ден астам жануар мен өсімдік түрлері бар және теңіз түбі мұнай мен газға өте бай.
Қазір көпшілік Каспий теңізінің неліктен күрт тартылып кетуінің себебін білгісі келеді. Егер осы құбылысты толыққанды зертеген жағдайда теңіздің бұрынғы деңгейіне жету үшін және оны сақтап қалу үшін қандай шара жасалуы керектігі анықталмақ.
Теңіз экспедициясы жасағының жетекшісі Мереке Әбдірахметовтің айтуынша, аталмыш экспедиция 2024 жылы құрылған. Оның мақсаты – Каспийдің экологиялық жағдайын, су деңгейінің төмендеуін және биологиялық ресурстарын кешенді зерттеу. Ғалымның пікірінше, соңғы жылдардағы Каспий теңізінің деңгейінің қарқынды төмендей бастауының себептерін табу үшін ғалымдар кешенді зерттеуі қажет.

«Қазгидромет» ұлтық гидрометеорология қызметінің деректеріне сәйкес, наурыз айында Каспий теңізінің деңгейі өзінің орташа көпжылдық деңгейінен 1,7 метрге төмендеген. Бұл Балтық теңізі биіктік жүйесінен 29,72 метр төмен. Каспий теңізінің мұндай елеулі төмендеуі өткен ғасырдан бері екінші рет байқалып отыр. Өткен ғасырда ең төменгі деңгейі 1977 жылы тіркеліп, ол Балтық жүйесі бойынша минус 29,22 метр болған. Яғни, қазіргі деңгей – өткен ғасырдан бергі ең төменгі көрсеткіш», - дейді Мереке Әбдірахмет.
Ғалымның айтуынша, теңіз деңгейінің ең биік көтерілуі 1995 жылы минус 26,60 метр немесе 1,40 метр болып тіркелді. Каспий теңізінің гидрологиялық жүйесінің бір ерекшілігі теңіз деңгейінің өзгергіштігі мен ауытқуы деп айтуға болады. Соңғы 30 жылда байқалып отырған теңіз суы деңгейінің төмендеуі және тартылуы антропогендік факторға және ғаламдық климаттың өзгеруіне байланысты. Каспий теңізі ішкі құрлық су айдыны боғандықтан оның көлемі оған құятын өзендерге және жауын-шашын мөлшеріне тікелей байланысты. Каспий жағалуы елдерінің гидрометеорология қызметтерінің мәліметтері бойынша соңғы 20 жылда теңізге құятын өзен суларының су көлемі орташа есепен 30-40 пайызга азайған. Мысалы, 2000 жылы Каспийге өзендерден келген судың көлемі 300 текше шақырым болса, 2015-2016 жылдары судың көлемі шамамен 200 текше шақырым болған. Осы жылдардан бастап теңіз деңгейі қарқынды төмендей бастаған.
«Қазіргі кезде көптеген ғалымдар теңіз деңгейінің төмендеуінің негізгі себептерінің бірі ретінде климаттың өзгеруін атайды. Климаттың өзгеруі өз тарапынан өзен суының азаюына және су бетінің булануының артуына әкелді. Еліміздің метеорологтардың жасаған зерттеулеріне сәйкес 1990 жыл мен 2021 жыл аралығында Қазақстан аумағында ауа температурасы орташа есепен 1 градусқа жылыған және жауын-шашын мөлшері 14 мм азайып кеткен. Теңіз деңгейінің төмендеуі тек экологиялық мәселелердің ушығуына ғана емес, сонымен қатар бірқатар әлеуметтік-экономикалық проблемалардың туындауына да әкелді», - дейді Мереке Әбдірахметов.
Ғалым қазір жағалау сызығының теңізге қарай айтарлықтай шегінуіне байланысты жағалау маңындағы теңіз тереңдігі азайып кеткенін атап өтті. Бұл кеме қатынасын күрт нашарлады, порттарға, көмірсутек өндіру нысандарына, сондай-ақ азаматтық және өнеркәсіптік инфрақұрылымға, балық шаруашылығына да елеулі зиян келтірді.
«Арал теңізінің жағдайына ұқсас Каспий теңізінде де құрғаған теңіз түбінен тұз бен шаңның көтерілу қаупі артты. Каспий теңізінің тартылуы ғаламдық табиғи апат деуге болады. Сондықтан 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеуді тапсырды. Осыған байланысты, Каспий маңы мемлекеттері теңіздің су ресурстарын ,экологиялық жүйесін сақтау мақсатында бірлескен іс-қимыл жоспары жобасын әзірлеуді қолға алды», - деді Мереке Әбдірахметов.
Бұдан бөлек, Каспий теңізіне қатысты төтенше жағдайлар, гидрометеорология, су және биологиялық ресурстарын пайдалану мен қорғау салаларында бірқатар келісімге қол қойылды. Бұл құжаттар Каспий теңізінің су көлемін ұлғайтуға және деңгейінің төмендеуін тежеу бағытындағы шараларға бірлескен құқықтық негіз жасады.
«Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» Каспий теңізінің Қазақстан секторының экологиялық жүйесіне, биологиялық құрамына, теңіз деңгейінің өзгеруіне,балық ресурсына ғылыми-зертеулер жүргізеді. Каспий теңізі акваториясы мен оның жағалау аймағына жүйелі мониторинг жасайды, оның табиғи-ресурстық әлеуетін сақтау және ұтымды пайдалануға қатысты ғылыми негізделген шараларды әзірлейді. Климатың өзгеруіне байланысты өңірдің табиғи ресурстарын,экономикасы мен инфрақұрылымын бейімдеу бағытында жобалар мен әдістемелер дайындайды және ұсынады», - деді ғалым.
Еске сала кетсек, Үкімет Каспийді зерттеуге және сақтауға 1,1 млрд теңге бөлді.
Авторы: Бірғаным Ахметова