Біз бүгін Жеңістің арқасында бейбіт заманда өмір сүріп отырмыз – Бақытжан Ертаев
Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев 9 мамыр – Жеңіс күніне орай қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, батырлардың ерлігі әрдайым ұлықталуы керек екенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«9 мамыр – халқымыз үшін ерекше әрі қасиетті мереке. Бұл күн батыр бабаларымыздың ерлігі мен қайсар рухын ұлықтайтын тарихи күн. Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев ағамыздың ерлігі бүгінде бүкіл әлемге белгілі. Бұл қазақ халқының батыр әрі рухы мықты ел екенін дәлелдейтін тарихи оқиға», – деді ол.
Халық қаһарманы қазақ халқы Ұлы Отан соғысында елін қорғап, жанқиярлық танытқан ерлерімен әрдайым мақтанатынын айтты.
«Біз Талғат Бигелдиновтей қаһарман ұшқышымызды, Бауыржан Момышұлы сынды даңқты қолбасшымызды, сондай-ақ ерлігімен ел жадында қалған Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова апаларымызды мақтан тұтамыз. Олардың барлығы қазақ халқының патриот, қайсар әрі елін сүйетін халық екенін көрсетті», – деді Бақытжан Ертаев.
Ол бүгінде бейбіт өмірдің қадірін білу бәрінен маңызды екенін атап өтті.
«Қазақ елі – әрдайым бейбітшілікті қолдайтын, тыныштықты қадірлейтін мемлекет. Біздің көк туымыздың өзі – азаттық пен бейбіт өмірдің символы. Бүгінде елімізді әлем танып, көптеген мемлекет өкілдері Қазақстанға қызығушылықпен қарап отыр. Сондықтан осы бейбітшілікті сақтау – бәріміз үшін ең маңызды міндеттердің бірі», – деді ол.
Сонымен қатар Халық қаһарманы жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу маңызды екенін жеткізді.

«Біз бүгін Жеңістің арқасында бейбіт заманда өмір сүріп отырмыз. Сол себепті батырларымыздың ерлігін әрдайым ұлықтап, бұл күнді ерекше құрметпен атап өтуіміз керек. Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі, Бауыржан Момышұлының соғыс даласындағы батылдығы – кейінгі ұрпаққа үлгі», – деді ол.

«Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу – өте маңызды. Әрбір азамат Отанын шын жүректен сүюі керек. Отанға деген сүйіспеншілік тек әскерге барумен шектелмейді. Ең бастысы – елге адал қызмет ету, туған жерді құрметтеу және қажет кезде қорғауға дайын болу. Батыр ағаларымыз бен апаларымыздың жолын жалғастыру – баршамыздың міндетіміз», – деді Халық қаһарманы.
Сөз соңында Бақытжан Ертаев барша қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады.

«Батырларымыздың арқасында біз Жеңіске жеттік. Енді сол ерлікті ұмытпай, патриоттық рухты болашақ ұрпаққа жеткізуіміз қажет. Көк туымыз көкте мәңгі желбіреп, тәуелсіз еліміздің абыройы асқақтай берсін. Барша қазақстандықтарды 9 мамыр – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» – деді ол.