Үкімет Каспийді зерттеуге және сақтауға 1,1 млрд теңге бөлді

Үкімет Каспийді зерттеуге және сақтауға 1,1 млрд теңге бөлді
Фото: egemen.kz

Президенттің Каспийді кешенді зерделеу және сақтау, сондай-ақ өңірдің экологиялық тұрақтылығын қолдау жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет резервінен Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институтына 1,1 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

«Қаржыландыру институттың ғылыми әлеуетін жақсартуға ықпал етеді. Қаражат теңізде мониторинг жүргізу үшін негізгі жабдықтарды сатып алу және гидробиологиялық және гидрохимиялық зертханаларды жарақтандыру жоспарланып отыр, бұл теңіздің қазақстандық секторында болып жатқан процестер туралы өзінің ғылыми-негізделген базасын қалыптастыруға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда институт тиімді шараларды әзірлеу үшін халықаралық ғылыми қоғамдастыққа белсенді интеграцияланып жатыр, Каспий маңы елдерінің университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарының қауымдастығына кірді.

Осы қаулыны жүзеге асыру үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі барлық қажетті шараны қабылдау, Қаржы министрлігіне бюджет қаржысын мақсатты пайдаланылуын қатаң бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Еске сала кетсек, Қазақстанда Каспий теңізінің түбімен Әзербайжанға дейінгі байланыс желісінің құрылысы басталды.