Астанада заңсыз салынып жатқан құрылыс нысандары анықталды

Астанада заңсыз салынып жатқан құрылыс нысандары анықталды
Фото: видеодан скрин/prokuratura.ast

Астана қаласы «Нұра» ауданының прокуратурасы заңсыз құрылыс нысандарын анықтау және жолын кесу бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қадағалау қызметі шеңберінде Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы, сондай-ақ Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының мамандарымен бірлесіп тексеру іс-шаралары жүргізілді. Олардың нәтижесінде қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып салынып жатқан нысандар анықталды.

«Тексеру барысында қажетті рұқсат құжаттарының, сараптаманың оң қорытындысының, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы талондардың болмауына қарамастан құрылыс жұмыстарын жүргізу фактілері анықталды.

Бұған дейін қабылданған ден қою шаралары мен уәкілетті органдардың хабарламаларына қарамастан, жекелеген құрылыс салушылар заң талаптарын елемей, белгіленген нормаларды бұза отырып құрылыс жұмыстарын жалғастыруда», - делінген хабарламада.

Анықталған барлық фактілер бойынша прокуратура органдарымен заң бұзушылықтарды жоюға және кінәлі тұлғаларды заңда белгіленген жауаптылыққа тартуға бағытталған прокурорлық ден қою шаралары қабылдануда.

Аталған бағыттағы жұмыс Астана қаласы прокуратурасының тұрақты бақылауында.