Тылдан ғылымға дейін: Момышұлы мен Қошқарбаевты емдеген дәрігердің тағдыры

Тылдан ғылымға дейін: Момышұлы мен Қошқарбаевты емдеген дәрігердің тағдыры
Фото: Нұрдәулет Кәкіш

1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыс кезінде майданға аттанған ерлердің орнын тылда қалған қарттар, әйелдер мен жасөспірім балалар басты. Бұл – балалық шағын еңбекке айырбастап, Жеңісті жақындатқан ұрпақтың тағдыры. Солардың бірі – тыл ардагері, Қазақстандағы нейрохирургия саласының дамуына үлес қосқан медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Теңдік Изақов.

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген ол жастайынан еңбекке араласып, ел басына түскен ауыр кезеңдерді бастан өткерді.

«7 жасымнан колхозда жұмыс істедім. Ашаршылықты көзімізбен көрдік. Тамақ тапшы, тұрмыс ауыр болды. Соғыс жылдары 14-15 жаста едім. Қой бақтық, бұзау қарадық, өгізге мініп жер жырттық. Өгіз – сол уақыттың «тракторы» ғой, оны жүргізудің өзі оңай емес», – дейді тыл ардагері.

Ол ата-анасын да ерекше құрметпен еске алды.

«Анам сауатты адам болған, арабша білген. Әкем қарапайым болса да, өнерлі кісі еді – бүркітші, ұста болды. Ашаршылық кезінде анам өмірден өтті», – дейді ол.

Соғыстың басталған сәті әлі күнге дейін жадында анық сақталған.

«Бір күні «соғыс басталды» деген хабар жетті. Ауылдағы 22 жігітті бірден майданға алып кетті. Ер-азаматтар кеткен соң барлық жұмыс бізге жүктелді. Мал бағу, шөп шабу – бәрін балалар атқардық. Соғыстың ауыртпалығы тылда да қатты сезілді: аштық, суық, тынымсыз еңбек. Көп адам майданнан оралмады», – деп еске алады кейіпкер.

Соғыс аяқталған 1945 жылы ел болып Жеңісті тойлағанын да ұмытпаған.

«Қарқаралыда үлкен той өтті. Ақындар жыр айтып, балуандар күресті. Халық бір серпіліп қалды», – дейді ол.

1957 жылы Қарағанды медициналық институтын тәмамдаған Теңдік Изақов еңбек жолын аудандық ауруханаларда бастап, кейін Алматы медицина институтында қызмет етті. Ол бет жүйке ауруын емдеуде гидротермодеструкция әдісін қолданған дәрігерлердің бірі болды.

Ұзақ жылдардағы тәжірибесінде талай науқасқа шипа дарытқан дәрігер Кеңес Одағының батырлары Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевты да емдеген.

«Рақымжан Қошқарбаев инсультпен түсті. Көп сөйлемейтін, бір ғана сөзді айта алатын. Бір күні көңілін сұрап дәулескер күйші Нұрғиса Тілендиев келді. Оның айтқанын түсінбей маған қарады. «Сәлемдесіп жатыр», – дедім. Ал Бауыржан Момышұлы ауруханада жатқанында да бірбеткей мінезінен таймады, ешкімге бағынбайтын», – дейді дәрігер.

Айтуынша, медицинаға қызығушылығы бала кезінен басталған.

«Табиғатты бақылап, түрлі тәжірибе жасадық. Кейін сол қызығушылық мені медицинаға алып келді. Ғылыми зерттеумен айналысып, 1972 жылы кандидаттық диссертациямды қорғадым. Қазір де өзімді студентпін деп есептеймін, үнемі ізденістемін», – дейді профессор.

Алматыдан Астанаға көшіп келгеніне алты жыл болған тыл ардагері бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін ерекше атап өтті.

«Бейбіт өмір – үлкен бақыт. Баршаңызға денсаулық тілеймін. Ең басты байлық – денсаулық», – деп батасын берді ол.