Елімізде машина жасау саласын мемлекеттік тұрғыда қолдау күшейтіліп жатыр

Бүгін, 12:12
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде машина жасау саласын мемлекеттік тұрғыда қолдау күшейтіліп жатыр
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті

Машина жасау индустриалды дамыған елдерде өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларының бірі болып қала береді. Қазақстанда саланы дамыту мемлекеттік өнеркәсіптік саясаттың басым бағыты және экономикалық тұрақтылықты нығайту мүмкіндігі ретінде қарастырылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитетіне сілтеме жасап. 

Қаржылық тетіктер және ынталандыру шаралары

Қазіргі таңда елімізде 2023 жылы республикалық және жергілікті атқарушы органдар деңгейінде бекітілген «Қазақстан Республикасының машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары» шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары жалғасуда. Мемлекеттік қолдау инвестиция, экспортты ынталандыру, отандық машина жасау өнімдерінің лизингі және басқа да жеңілдікті қаржы құралдары бойынша қолайлы жағдай жасау форматында жүзеге асырылады.

Шаралар қаржылық құралдар мен қолдау бағдарламаларының ауқымды мүмкіндіктеріне ие ұйымдар арқылы жүзеге асырылады:       «Қазақстан Даму Банкі» АҚ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ. Аталған институттар жеңілдікті несиелендіруден экспорттық қолдауға дейінгі құралдардың кең спектрін ұсынады.

Мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің операторы Qazindustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы ерекше рөл атқарады.

QazIndustry кәсіпорындар шығындарының бір бөлігін келесі бағыттар бойынша өтейді:

* өнімдер мен менеджмент жүйелерінің сәйкестігін растау;

* қызметкерлердің біліктілігін арттыру;

* цифрлық технологияларды енгізу;

* технологиялық үдерістерді жетілдіру (жабдықты сатып алуды қоса алғанда);

* өндірісті ұйымдастырудың тиімділігін арттыру;

* өнімді ел ішінде темір жол көлігімен тасымалдау.

 АЭА кәсіпорындары үшін жеңілдіктер

Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) аумағында жұмыс істейтін машина жасау компаниялары 10 жыл немесе одан да көп мерзімге айтарлықтай салықтық және кедендік жеңілдіктер алады.

Бұл жеңілдіктерге мыналар кіреді:

* корпоративтік табыс салығы 0%;

* жер салығы мен мүлік салығынан босату;

* шикізат импорты кезінде ҚҚС пен кедендік баждардан босату;

* жер мен инфрақұрылымды өтеусіз беру;

* шетелдік жұмыс күшін тартудың жеңілдетілген рәсімдері.

 Жергілікті өндірісті дамыту және сатып алудың жаңа тетіктері

Ірі кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушылардың реттеліп сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайту бойынша жұмыс жалғасуда. Шағын және орта бизнесті қолдауға баса назар аудара отырып, локализациялауды арттыру бағдарламасы үш жылдан бері іске асырылып келеді. Бұл машина жасау кәсіпорындарына ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасауға, өндірістердің жүктемесін арттыруға және локализациялау деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі жұмыс істей бастады. Онда автоматты түрде тексеру және сатып алуларға басымдықпен қол жеткізу қарастырылған. Бұл жүйе индустриялық сертификаттар мен СТ-KZ сертификаттарының орнына енгізілген.

Экспорттық әлеует және сын-тегеуріндер

Сонымен қатар еліміздегі экспортқа бағдарланған ең шағын сала электр жабдықтарын өндіру болып қала береді.

Мәселен, Қазақстан жыл сайын мыналарды экспорттайды:

* автомобиль аккумуляторлары;

* трансформаторлық жабдық;

* Кабель және сым өнімдері.

Автоөнеркәсіпте (жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк көліктері), ауыл шаруашылығы машиналарын (бүріккіштер, шөп шабатын машиналар, мал шаруашылығына арналған жабдықтар), мұнай-газ машиналарын жасау (сорғылар, бекіту арматурасы) бойынша, сондай-ақ желдету жабдықтары сегментінде экспорттау әлеуеті сақталып отыр.

Ресей дәстүрлі нарықтық кеңістік болып қала береді. Алайда, қазіргі аймақтық жағдай, есептесулер мен логистикадағы қиындықтар жеткізілімдерді әртараптандыруды, сондай-ақ Орталық Азия елдері және Иранмен сауда байланыстарын күшейтуді талап етеді.

Сыртқы нарықтарға шығудың негізгі мәселелері қатарында:

* баға бойынша бәсекеге қабілеттіліктің төмендігі;

* қаржыландыруға қолжетімділіктің шектеулілігі;

* басқа елдерде өз өндірушілеріне мемлекеттік қолдаудың жоғары деңгейі;

* әкімшілік кедергілер және сертификаттау рәсімдерінің күрделілігі.

«Машина жасау – өнеркәсіптік егемендіктің негізі. Бүгінде Қазақстанда өндірісті жаңғыртып қана қоймай, экспортты ынталандыруға мүмкіндік беретін құралдар кешені қалыптасты. Таяу жылдарға арналған басты міндеті – локализациялауды күшейту, импортқа тәуелділікті төмендету және сыртқы нарықтарда отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру», – деп атап өтті ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті электротехникалық және ауыр машина жасау басқармасының басшысы Төреәділ Абдрахманов.

 Даму перспективалары

Айта кетейік, мемлекет қазірдің өзінде экспортқа дейінгі қаржыландыру, экспорттық сақтандыру, сауда

 миссияларын ұйымдастыру, халықаралық көрмелер мен бизнес-форумдарға қатысу секілді шараларды жүзеге асыруда.

Әкімшілік кедергілерді одан әрі төмендету, салықтық әкімшілендіруді оңтайландыру және өтемақы тетіктерін кеңейту елдің машина жасау өнімдері экспортының көлемін едәуір ұлғайтып, жаһандық нарықтардағы орнын нығайта алады.

Еске салайық, бұдан бұрын Олжас Бектенов Ақмола облысының индустриялық аймағының жобаларымен танысқаны туралы жаздық.