«Таза Қазақстан»: елордада Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай 60-қа жуық көшет отырғызылды
Астанадағы Президенттік саябақта «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай елорданың «Сарайшық» ауданы әкімдігінің қолдауымен ағаш көшеттері отырғызылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараға «Ассамблея жастары» форумының қатысушылары, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, сондай-ақ «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының белсенді жастары мен еріктілері қатысты.

Бұл бастама Қазақстан халқының бірлігі мерекесінің мәнін айқындай отырып, қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға, сондай-ақ экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған.

Экологиялық акция барысында 60-қа жуық көшет отырғызылды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастамасының өзі жастардың сұранысы бойынша көтерілді деп айтуға болады. Өйткені қазіргі жас толқынның бойында жануарлар әлемі мен табиғатты қорғау бағытында айрықша серпіліс бар. Сондықтан өзге де жастар қауымын елімізде болып жатқан осы акциядан қалыс қалмауға шақырамыз. Біз қазіргі барымызды сақтай отырып, жасыл желекті көбейтіп, оны жастардың келесі буынына аманат етіп қалдыруымыз керек», – деді «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының орынбасары Александр Урмашев.
Оның сөзінше, «Ассамблея жастары» республикалық жастар ұйымының еліміз бойынша 10 мыңға жуық белсендісі бар. Бірқатар өңірде Достық және бейбітшілік аллеялары ашылған.
«Сонымен қатар Ассамблеяның еліміздегі университеттер мен колледждер базасында студенттік 103 ұйымы бар. Бірлікті сақтау үшін түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жастарды қоғамдық жұмыстарға тарта отырып, оларды белсенді болуға шақырамыз. Жастар арасында келешекте қоғамдық жұмыстармен айналысатын белсенді кадрлық резервті дайындап жатырмыз», – деп қосты Александр Урмашев.


Сондай-ақ оның сөзінше, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің жастары экологиялық акцияға жаз бойы белсенді түрде атсалысады.
Бұдан бұрын ТЖМ құтқарушылары ағаш отырғызғанын жазған едік.