Сыртқы істер министрі Өзбекстан Елшісін қабылдады

31 наурыз, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Сыртқы істер министрі Өзбекстан Елшісін қабылдады
Фото: СІМ

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Өзбекстан Республикасының Елшісі Бахтиёр Ибрагимовты қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұнда 29 наурызда Алматыда өткен мемлекет басшылардың бейресми кездесуінің қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды ескере отырып, қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі тереңдету перспективаларын талқылады.

Сыртқы істер министрі саяси, сауда-экономикалық, транзит-көліктік және энергетикалық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Өзбекстан Елшісі Ташкенттің Астанамен одақтастық қатынастарды жоспарлы дамытуға зор мүдделілігін растады және Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің жан-жақты өзара іс-қимылды нығайту бойынша қойған мақсаттарын іске асыру үшін бар күш-жігерін салатынына сендірді.

Сонымен қатар алдағы кезеңге арналған екіжақты және көпжақты форматтарда халықаралық іс-шаралар кестесі қаралды.