Ақтөбе облысында оқу-жаттығу кезінде тікұшақ құлады
Бүгін Ақтөбе облысы Сарыжар ауылының маңында Әуе қорғанысы күштері әскери институтының Ми-8 тікұшағы оқу-жаттығу ұшуларын орындау кезінде апатты жағдайда қонды, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
«Бортта болған 3 экипаж мүшесінің 2-еуі ауруханаға жеткізілді. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді. Экипаж мүшелерінің бірі қаза тапты. Авиациялық оқиғаның алдын-ала себебі - техникалық ақаулық. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - делінген хабарламада.
Жергілікті жерде ведомствоаралық жедел топ жұмыс істеуде. Қарулы күштердің басшылығы мен Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Оның туыстарына, сондай-ақ зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіледі.