ІІМ бір аптада 110 келіден астам есірткі тәркіледі

29 наурыз, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
ІІМ бір аптада 110 келіден астам есірткі тәркіледі
Фото: Polisia.kz

Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты бойынша жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Соңғы аптада Қазақстанның бірнеше қалалары мен облыстарында операциялар жүргізілді. Алматыда 26 жастағы ер адам көлігімен 2,5 кг мефедрон, 50 грамм кокаин және 30 грамм «экстази» есірткісін тасымалдау кезінде ұсталды. Сондай-ақ бір келіге жуық мефедрон мен 20 грамм кокаинды автокөлікпен тасымалдаған екі азамат ұсталды.

Абай облысында 27 жастағы ер адам құрықталды. Ол түрме аумағына салмағы 2 келі болатын алты орам гашиш тастамақ болған. Астанада 27 жастағы ер адам 10 келіден астам гашиш пен 265 грамм марихуана сақтаған. Ол есірткіні Telegram арқылы сатып алған.

«Нәтижесінде бір апта ішінде 29 адам қамауға алынды. 110 келіден астам есірткі тәркіленді. Олардың ішінде 78 келіден астам синтетика, 9 кг гашиш, 22 кг марихуана және 68 грамм кокаин. Ішкі істер министрлігі есірткі қылмыстарын анықтау және жолын кесу бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда», - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Данияр Мейірхан.