Балалардың жолдағы қауіпсіздігі: Полицейлер ережелерді сақтаудың маңыздылығын түсіндірді
Баланың жолдағы қауіпсіздігі басты назарда. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері елордалық тұрғындарға осы мәселенің маңыздылығын түсіндірді. Бұл істе тәртіп сақшыларына «Q88» аумақтарды тұрақты дамыту қауымдастығы көмектесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оқу орындарының алдында полиция қызметкерлері қоғам белсенділерімен бірге балаларды тасымалдау кезінде ережелерді сақтау қажеттігі туралы профилактикалық акция өткізді.
Биыл 10 айда жол апатынан 267 бала көз жұмған. Олардың жартысынан көбі автокөліктерде жолаушы болған. Басым көпшілігін ересектер қауіпсіздік ережелерін бұза отырып тасымалдаған, яғни арнайы орындықты, адаптерлер мен ұстағыштарды пайдаланбаған.
Айта кетейік, заңнама бойынша елімізде 12 жасқа дейінгі балаларды автокөліктерде тасымалдау үшін балаларға арналған автокреслоларды пайдалану міндетті болып табылады. Бұл балалардың жолдағы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар апаттылықты азайту мақсатында ел мектептерінде қозғалыстың жас инспекторлары отрядтары құрылған. Олар полицейлермен бірге қатарластарына жол жүрісі қағидаларын үйретіп жатыр.