00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Елордада алаяқтың арбауына түскен зейнеткер үйінен айырылды

Елордада алаяқтың арбауына түскен зейнеткер үйінен айырылды
Фото: Elordainfo.kz/Мария Конюхова

65 жастағы елордалық тұрғын Байқоңыр аудандық полиция басқармасына алаяқтардың арбауына түскені жөнінде арызданды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиғаға бейжай қарамаған тәртіп сақшылары бірден тергеуге кірісіп, күдіктіні бір тәулік ішінде қолға түсірді. Зейнеткер наурыз айында тұрғын үй сатып алу мақсатында 9 миллион теңге көлеміндегі жинағын алаяқтың шотына аударып жіберген. Зейнеткерді «қымбат пәтерді арзан бағамен алып беремін» деп сендірген алаяқ бұл үшін арнайы сценарий құрастырған.

«Тергеу барысында күдіктінің тұрғын үйлерге қатысты алаяқтық схемасы бар екені анықталды. Қазіргі уақытта күдіктінің басқа да азаматтарды алдағаны белгілі болып, тергеу амалдары жалғасып жатыр», - делінген хабарламада.

Астана қаласының полиция департаменті қала тұрғындарына сақтық шараларын сақтауды ескертеді. Бейтаныс адамдарға сенбеуді, тексерілмеген ақпарат көздерінен аулақ болуды, сондай-ақ банктер мен уәкілетті мекемелердің ресми телефондарына қоңырау шалу арқылы мәліметті нақтылауды ұсынады. Сонымен қатар соңғы уақытта алаяқтардың онлайн режимде, әсіресе зейнеткерлерді алдау арқылы әрекет етуі жиілегенінен құлағдар етті.