Михаил Шайдоров: Чемпион боламын деп ойламадым

Михаил Шайдоров: Чемпион боламын деп ойламадым
Қанат Байұзақов

Ақпан айының ең үздік спортшысының бірі - мәнерлеп сырғанаудан төрт құрлық чемпионы, Азиада-2025 қола жүлдегері Михаил Шайдоров елге оралды. Осы орайда спортшы Астана әуежайында Elordainfo.kz сайтының сұрақтарына жауап берді.

- 2025 жылы Универсиада, Қысқы Азия ойындары, Төрт құрлық чемпионатына қатысып үлгердіңіз. Енді 1 айдан соң, әлем чемпионатына аттанасыз. Физикалық тұрғыдан қиынға түспеді ме?

- Мен үшін төрт құрлық чемпионаты қиын болды. Біріншіден, 13 ақпан күні Қытайдағы Азиадада жарысымды аяқтасам, 20 ақпан күні Оңтүстік Кореяда деңгейі жағынан Олимпиада мен әлем чемпионатынан кейін тұратын келесі бәсекені бастап кеттім. Екіншіден, қысқы бағдарламада бірінші орын алдым. Бұл психологиялық жағынан қиынға соқты. Оның үстіне, спорттық мансабымда алғаш рет еркін бағдарламада әуенімді шатастырып алды. Артынша 3 күн бойы ұйымдастырушылар кешірім сұраумен болды. Бірақ бұл жайт маған еш кедергісін келтірмеді. Өз қойылымымды барынша таза орындап шықтым. 2015 жылдың ақпанында дәл осы «Mokdong Ice Rink» спорт кешенінде марқұм Денис Тен спорттық мансабындағы ең жоғары 289.46 ұпайын алып, чемпион атанған еді. Араға 10 жыл салып, мен де рекордтық 285.10 ұпаймен топ жардым.

- Төрт құрлық чемпионаты басталар алдында чемпиондыққа үміткер ретінде жарыс қожайыны, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ча Джун Хван, 2023 жылғы осы доданың жеңімпазы Као Миура саналып еді. Сізде жеңіс тұғырынан көрінемін деген сенімділік болды ма?

- Шынымды айтсам, чемпион боламын деп ойламадым. Алайда жүлделі орынға таласатыным анық еді. Қысқа және еркін бағдарламада да бірінші орын алғанымды әлі толық сезіне алмадым.

- Енді наурыз айының соңында Бостонда (АҚШ) өтетін әлем чемпионатында қандай мақсатты көздейсіз?

- Жыл басынан бері 3 жарыстың арасы өте жақын болды. Ендігі кезекте сәл тынығып алуым қажет. Одан кейін әлем чемпионатына дайындаламын. Ол жерде Төрт құрлық чемпионатынан да жоғары деңгейде өнер көрсетуге барымды саламын.

- Қысқы Универсиадада 4-орынға тұрақтадыңыз. Қысқы Азия ойындарында қола жүлде алдыңыз. Төрт құрлық чемпионатында алтын медальді иелендіңіз. Осы 3 бәсекенің ішінен «әттеген-ай» дейтін тұсыңыз бар ма?

- Ешқандай өкінішім жоқ. Қандай турнир болмасын, бар күшімді саламын. Қорытынды нәтижені қанағат тұтып, көрсеткішімді одан әрі жақсартуға кірісемін.
- Спорт жанкүйерлері сіздің әр жетістігіңізді марқұм Денис Тенмен салыстырып, ерекше қуанады. Сіз өмірде Денис Тенмен кездесіп пе едіңіз?
- Алматыда Денис Теннің біршама шеберлік дәрістеріне қатысқанмын. 2017 жылғы қысқы Универсиадада Денис Тен чемпион атанған еді. Ол бұл жарыстан соң, Halyk Arena-ға келген болатын. Сол кезде ол қанша атақты болса да, қолымды қайтармай, менімен амандасты. Өз қаһарманымды дәл жанымнан көріп, қарапайымдылығына тәнті болғанмын. Мен ол кезде 12 жаста едім, сол сәт ерекше есімде сақталыпты.

- Сұхбатыңызға рахмет!