00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Мемлекет басшысы Сербия Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Сербия Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
фото: Akorda.kz

Белградқа ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесуге екі ел делегациялары қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы шағын құрамда мазмұнды келіссөз жүргізгені, сондай-ақ Қазақстан тарапына қонақжайлық танытқаны үшін Александр Вучичке ризашылық білдірді.

Сербия Президенті Александр Вучич арнайы келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екіжақты байланысты одан әрі нығайту тұрғысынан бұл сапардың стратегиялық мәні зор екеніне тоқталды. Сонымен қатар аймақтағы және халықаралық аренадағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға негіз болатын өзара тиімді байланысты дамытудың маңызына назар аударды.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты тереңдету мәселелеріне баса мән берді.

Президенттер екі ел арасындағы тауар айналымы өсімін жоғары бағалады. Осы орайда қазіргі әлемдегі геосаяси және экономикалық жағдай ынтымақтастықты жандандыра түсуді қажет ететінін атап өтті.