Жазғы демалыста судағы қауіпсіздікке мән беріңіз – ТЖМ
Төтенше жағдайлар министрлігі жазғы демалыс маусымында азаматтарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдыруға және ересектердің бақылауынсыз шомылуына жол бермеу қажет. Сондай-ақ бейтаныс және жабдықталмаған орындарда, «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті! Иірім» белгілері қойылған жерлерде суға түсуге болмайды.
ТЖМ мамандары мас күйде шомылмауға, судағы қауіпсіздік қалқымаларынан асып жүзбеуге, шағын көлемді кемелер мен өзге де жүзу құралдарына жақындамауға кеңес береді. Бұдан бөлек, тексерілмеген жерлерде суға сүңгуге, жүзуге арналмаған заттармен жүзуге және қайықтардан, айлақтардан немесе табиғи жартастардан суға секіруге тыйым салынады.
Ведомство суға кетіп бара жатқан адам әрдайым айқайлап көмек сұрай бермейтінін ескертті.
«Көпшілік арасында суға кетіп бара жатқан адам міндетті түрде қолын сермеп, көмекке шақырады деген түсінік қалыптасқан. Алайда шын мәнінде адамның негізгі күші тыныс алуға жұмсалатындықтан, ол көп жағдайда көмекке шақыра алмайды», – деп түсіндірді министрлік.
Мамандардың айтуынша, суға кетудің негізгі белгілеріне адамның басының суға қайта-қайта батып шығуы, бір орында қалқып тұруы, қозғалысының үйлеспеуі және жағалауға қарай жүзе алмауы жатады.
Осындай жағдай байқалған кезде дереу көмек көрсетіп, құтқарушыларды шақыру қажет.
Төтенше жағдай орын алған жағдайда 112 нөміріне хабарласу керек.
Елдегі су айдындарында 200 жылжымалы құтқару бекеті жұмыс істейді.