Қазақстанда микроқаржы ұйымдарына берешегі бар азаматтардың 42,7%-ында бір мезгілде бірнеше микрокредит тіркелген. Ал 1 миллионнан астам адамның микроқаржы ұйымдарымен қатар банктер алдында да қарызы бар. Бұл туралы Бірінші кредиттік бюро Elordainfo.kz редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Бюро мәліметінше, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда 1 436 867 жеке тұлғаның микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) алдында берешегі болған. Оның ішінде 613 807 адамда бірнеше микрокредит тіркелген. Бұл – барлық қарыз алушының 42,7%-ы.
Сонымен қатар 1 002 677 азаматтың бір мезгілде микроқаржы ұйымдары мен екінші деңгейдегі банктер алдында берешегі бар. Бұл МҚҰ-дан қарыз алған жеке тұлғалардың 69,8%-ын құрайды.
Аталған статистика жеке кәсіпкерлерді және есептен шығарылған кредиттік міндеттемелерді қамтымайды.
Қарыз көбейіп бара жатқанын қалай байқауға болады?
Бірінші кредиттік бюро мамандары қарыз алушының қаржылық жағдайы қиындай бастағанын көрсететін бірнеше белгі бар екенін айтады.
Олардың қатарында:
– төлем мерзімін өткізіп алу, тіпті кешіктірілген сома аз болса да;
– қысқа уақыт ішінде жаңа кредиттерге жиі өтініш беру;
– табысқа шаққандағы жалпы борыш жүктемесінің өсуі;
– қысқа мерзімді қарыздарды тұрақты түрде пайдалану бар.
Дегенмен бюро бір ғана белгіге қарап, адамның қаржылық жағдайы туралы нақты қорытынды жасауға болмайтынын ескертеді. Қарыз алушының төлем қабілеті бірнеше көрсеткіш негізінде кешенді бағаланады.
Бір кредитті екіншісімен жауып жүргендерді анықтауға бола ма?
Бюроның түсіндіруінше, азаматтың кредиттік тарихында алған қарызының сомасы, мерзімі, төлемдері және кешіктірілген берешегі туралы ақпарат сақталады. Алайда қарызға алынған ақшаның нақты қандай мақсатқа жұмсалғаны көрсетілмейді.
Сондықтан азаматтың жаңа кредитті бұрынғы қарызын өтеу үшін алғанын кредиттік тарих арқылы нақты анықтау мүмкін емес.
«Кредиттік тарихта қарыз алу және оған қызмет көрсету деректері тіркеледі. Бірақ адамның бұл қаражатты қайда жұмсағаны көрсетілмейді. Сол себепті бір қарыздың екіншісін өтеу үшін алынғанын нақты айту мүмкін емес», – деді Бірінші кредиттік бюродан.
Микрокредит қашан қауіпті әдетке айналады?
Бірінші кредиттік бюро Ұлттық банктің зерттеуіне де назар аударды. Онда көптеген клиент үшін жалақыға дейін алынатын шағын кредит бір реттік қаржылық шешім болып қалатыны, ал негізгі тәуекелдер мұндай қарыздарды тұрақты қаржы көзіне айналдырған клиенттердің шағын тобында шоғырланатыны айтылған.
Мамандар азаматтарға кредиттік тарихын жүйелі түрде тексеріп, барлық қарыз міндеттемесін бақылауда ұстауға кеңес береді. Бұл берешектің жалпы көлемін бағалауға және төлемдерді жоспарлауға көмектеседі.
Еске сала кетейік, бұған дейін қарыз мәселесіне қатысты «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Олжас Ордабаевпен және когнитивті-мінез-құлық терапиясы (КМТ) бағытында жұмыс істейтін психолог Жанар Искаковамен сұхбаттасқан едік.