Әскерге кеткендердің кредит төлемі автоматты түрде кейінге қалдырылады

Әскерге кеткендердің кредит төлемі автоматты түрде кейінге қалдырылады
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтардың банктік қарыздары мен микрокредиттері бойынша төлемдері автоматты түрде кейінге қалдырылады. Бұл жеңілдік әскери қызметтің бүкіл кезеңіне және ол аяқталғаннан кейінгі 60 күнге беріледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттіктің түсіндіруінше, төлемді кейінге қалдыру кезеңінде негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдер тоқтатылады. Сонымен қатар осы уақыт аралығында кредитке сыйақы есептелмейді.

Бұл үшін азаматтың банкке немесе микроқаржы ұйымына жеке барып, өтініш беруі қажет емес. Әскери комиссариаттан анықтама алу немесе кредиттік шартқа қосымша келісімге қол қою да талап етілмейді.

Әскерге шақырылған және әскери қызметтен босатылған азаматтар туралы мәліметтер Қорғаныс министрлігі, кредиттік бюролар мен қаржы ұйымдары арасындағы ақпарат алмасу жүйесі арқылы кредиторларға жеткізіледі.

Әскерге дейін кредит бойынша берешек болса ше?

Егер азамат әскерге шақырылғанға дейін кредит төлемін кешіктіріп, берешекті өндіріп алу рәсімдері басталған болса, заңнамада көзделген жағдайларда бұл рәсімдер әскери қызмет кезеңінде тоқтатыла тұруы мүмкін.

Алайда әскери қызмет аяқталғаннан кейін берешек сақталады. Сондықтан агенттік әскерге шақырылар алдында кредиттік міндеттемелерді тексеріп, қажет болған жағдайда қарызды реттеу шараларын қабылдауға кеңес береді.

Әскери қызмет кезінде жаңа кредит берілмейді

2025 жылғы 31 тамыздан бастап мерзімді әскери қызметшілерге жаңа банктік қарыздар мен микрокредиттер беруге тыйым салынған.

Банк немесе микроқаржы ұйымы кредит алуға өтінім түскен кезде азаматтың мәртебесін кредиттік бюро арқылы тексереді. Егер кредиттік есепте оның мерзімді әскери қызмет өткеріп жүргені көрсетілсе, жаңа қарыз берілмейді.

82 мыңнан астам әскери қызметшінің төлемі кейінге қалдырылған

Кредит төлемдерін автоматты түрде кейінге қалдыру тетігі 2024 жылғы тамыздан бері жұмыс істейді.

«Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ деректеріне сәйкес, 2024 жылғы тамыздан 2026 жылғы 1 маусымға дейін 82,1 мың мерзімді әскери қызметшінің жалпы сомасы 23,5 млрд теңге болатын қарыздары бойынша төлемдері кейінге қалдырылған.

Ал агенттік мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 30 мың әскери қызметшінің жалпы сомасы 7,5 млрд теңге болатын қарыздары бойынша осындай жеңілдік берілген.

Мамандар әскерге шақырылар алдында азаматтарға кредиттік есебін тексеріп, барлық қарыз міндеттемелері туралы мәліметтердің толық әрі дұрыс көрсетілгеніне көз жеткізуді ұсынады.

Маңыздысы – төлемді кейінге қалдыру кредитті кешіру деген сөз емес. Жеңілдік мерзімі аяқталғаннан кейін қарыз алушы кредит бойынша міндеттемелерін орындауды жалғастыруға тиіс.

Еске сала кетейік, бұған дейін несие алаяқтарының құрбаны болмау үшін не істеу керектігі туралы жазған едік.