Несие алаяқтарының құрбаны болмау үшін не істеу керек
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарды кредиттік алаяқтықтан сақ болуға шақырып, несие рәсімдеу кезінде ұстануға тиіс негізгі қауіпсіздік ережелерін еске салды, деп хабарлайды Elordainfo.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Агенттіктің мәліметінше, алаяқтардың азаматтардың атына заңсыз несие рәсімдеу әрекеттерінің алдын алу үшін бірнеше қарапайым, бірақ тиімді шараны сақтау қажет.
Ең алдымен, eGov.kz порталы, eGov Mobile қосымшасы немесе кредиттік бюро арқылы «Стоп кредит» қызметін қосу ұсынылады. Бұл қызмет азаматтың атына несие рәсімдеу әрекеттерін бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар SMS-кодтарды, PIN-кодтарды, бір реттік құпиясөздерді (OTP) немесе Secure-кодтарды ешкімге бермеу қажет. Қоңырау шалушы өзін банк, қауіпсіздік қызметі немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырса да, құпия деректерді жарияламаған жөн.
Сондай-ақ белгісіз адамдардың өтініші бойынша телефонға немесе компьютерге қашықтан басқару бағдарламаларын орнатпау, SMS, мессенджерлер мен жарнамалардағы күмәнді сілтемелерге өтпеу ұсынылады.
Қауіпсіздікті күшейту үшін онлайн-банкинг пен өзге де сервистерде екі факторлы аутентификацияны пайдаланып, кредиттік бюролардағы жеке кредиттік есепті тұрақты түрде тексеріп отырған дұрыс. Бұл рұқсатсыз рәсімделген қарыздарды дер кезінде анықтауға көмектеседі.
"Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің атап өтуінше, осы қарапайым ережелерді сақтау азаматтардың кредиттік алаяқтардың құрбаны болу қаупін едәуір төмендетеді", – делінген хабарламада.
Бұдан бұрын борышкерлер коллектормен қалай сөйлесуі керектігі жөнінде кәсіби заңгер Ғайни Абылқасовамен сұхбат құрған болатынбыз.