Аудандық мәслихаттың экс-депутаты жалған құжат арқылы субсидия алған

17 наурыз, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Аудандық мәслихаттың экс-депутаты жалған құжат арқылы субсидия алған
Фото: Оңалхан Өнерхан

Алматы облысы бойынша департаменті Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының экс-депутатына қатысты аса ірі көлемде алаяқтық  және қылмыстық кірістерді заңдастыру фактісі бойынша тергеу жүргізілуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Мемлекеттен субсидия алу мақсатында күдікті Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасына «Награда» түріндегі таңқурай көшеттерін сатып алу туралы жалған құжаттарды ұсынған. Сомасы 947 млн теңгені құрады», - делінген Қаржылық мониторинг агенттігі хабарламасында.

Нәтижесінде ол 474 миллион теңге деп көрсетілген соманың 50% көлемінде заңсыз субсидия алған.

Бұл кірістерді жылыстату үшін күдікті 21 жеке кәсіпкермен көшеттерді орау, тиеу, түсіру жұмыстарын орындау үшін жалған келісімшарттарды қамтитын көп деңгейлі схеманы әзірлеген, бірақ іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған.

Аталған жалған келісімдер мен төлем құжаттары негізінде 431 млн теңге сомаға қолма-қол қаражат алынды.

Сонымен қатар, ұрланған қаражаттарды заңды айналымға тарту мақсатында ол жұбайының атынан бағалы қағаздармен операциялар жүргізіп, қосымша 89 млн теңге қылмыстық табыс тапқан.

Қылмыстық табысқа ол Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтер және Toyota Highlander автокөлігін сатып алған.

Аталған мүлікке, сондай-ақ 50 млн теңге ақша және 91 млн теңге құны бар бағалы қағаздарға тыйым салынды.

Сонымен қатар, мемлекеттен ұрланған 170 млн теңгені күдікті Қонаев қаласындағы казиноға құртқаны белгілі болды.

Соттың санкциясымен күдікті 2 айға қамауға алынды.

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды.