Қылмыстық топтарға қарсы операция: 50-ден астам адам жауапқа тартылып жатыр

Қылмыстық топтарға қарсы операция: 50-ден астам адам жауапқа тартылып жатыр
Фото: ІІМ

Қазақстанның бірнеше өңірінде қылмыстық топтардың әрекетіне тосқауыл қойылды. Заңсыз айналымнан қару-жарақ тәркіленіп, азаматтардың 77 млн теңгеден астам қаражатын иемденуге жол берілмеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ішкі істер министрлігі ауыр қылмыстардың алдын алуға, қылмыстық топтардың әрекетінің жолын кесуге және қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді болдырмауға бағытталған жедел шаралар жүргізіп жатыр.

Қыркүйек айында Астана, Өскемен қалаларында және Алматы облысында 40 млн теңге көлемінде ақша талап етті деген күдікпен жеті адам ұсталды. Олардың үшеуі бұрын сотталған. Арасында адам өлтіргені үшін сотталғандар да бар.

Тінту барысында күдіктілерден атыс және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ бірнеше қымбат автокөлік табылып, тәркіленді.

Осындай құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесуге бағытталған операциялар Астана мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында жүргізілді.

– Жалпы аталған фактілер бойынша 50-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Заңсыз айналымнан 10-нан астам атыс және травматикалық қару, сондай-ақ оларға тиесілі оқ-дәрілер тәркіленді. Сонымен қатар дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында жәбірленушілердің 77 млн теңгеден астам қаражатын иемденуге жол берілмеді, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Қазіргі уақытта қылмыстық істер бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Заңсыз әрекеттерге қатысы бар өзге де адамдарды анықтап, жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдануда.

Министрлік азаматтар мен қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін қылмыстардың алдын алу және олардың жолын кесу жұмыстарын жалғастырады. Қылмыстық топтарды дер кезінде анықтап, олардың әрекетіне тосқауыл қоюға және жаңа құқық бұзушылықтардың жасалуына жол бермеуге ерекше көңіл бөлінуде.

ІІМ өкілінің айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидаты кінәлілерді жауапкершілікке тартумен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алуды, азаматтарды қорғауды және қауіпсіз орта қалыптастыруды көздейді.

Бұған дейін елордада автобус жүргізушілерімен «Заң мен тәртіп» тақырыбында кездесу өткенін жаздық.