Алматыда балабақша тәрбиешісі сәбиді қылғындырған (ВИДЕО)


Алматыда балабақша тәрбиешісі кішкентай баланы қылғындырып, тұншықтырған, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бүгінде полиция Алматыдағы жекеменшік балабақшада болған жайтқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Әлеуметтік желіде тараған видеодан тәрбиеші кішкентай баланың аузын жауып, қылғындырып, демалдырмай тастағанын көруге болады.
«Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша полиция бөлімі Бостандық ауданының Полиция басқармасы жанынан қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады» , - дейді полицейлер.
Балабақшадағы видео әлеуметтік желіде тараған болатын. Жәбірленуші – төрт жасар бала. Анасының айтуынша, баласы тәрбиеші ұратынын айтқан. Осылайша ол бейнебақылау камерасындағы видеоларды сұратқан. Ата-аналар тәрбиеші расымен балаларды ұратынына көзін жеткізген. Сол сәтте бөлмеде тағы екі қызметкер болған.



