Мәжіліс мәдениет және білім туралы заң жобасын қарайды


Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бірінші оқылымда Мәжілісте депутаттар бастамашылық еткен мәдениет пен білім мәселелеріне қатысты заң жобасы талқыланатын болады.
«Құжатта мектеп оқушыларын білім беру және мәдени бастамаларға қатысуға ынталандыру мақсатымен AQYLMAN жобасын енгізу ұсынылады. Сондай-ақ ғылыми жобалардың халықаралық байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, оларды дайындаған педагогтарға бір реттік төлем жасау нормалары қарастырылған.
Білім сапасын арттыру үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын рейтингілеу нормалары енгізілмек», - делінген хабарламамада.
Бұдан бөлек, мемлекеттік тапсырыс есебінен оқыған азаматтарды егер олар мемлекеттік жәрдемақы алушылар қатарында болса және мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған немесе I топтағы мүгедекке күтім жасаған жағдайда міндетті түрде еңбек өтеуден босату ұсынылады. Сонымен қатар шетелдік білім беру ұйымдарында резидентура, магистратура, аспирантура, докторантура бағдарламалары бойынша оқуға түскен және оқуын аяқтаған азаматтарға еңбек өтеуді кейінге шегеру мүмкіндігі қарастырылған.
Депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы отандық әдебиетті дамытуға, кітапхана қорын қолдауға және ономастика саласындағы өзгерістерге бағытталған шараларды да қамтиды.
Сондай-ақ Мәжіліс жол саласын реформалау мәселелері бойынша жаңа заң жобасын жұмысқа алуды жоспарлап отыр.



