Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мамандардың тізілімі енгізілді

29 қаңтар, 2025
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мамандардың тізілімі енгізілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ұйымдарда көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру мақсатында 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда АӘҚ көрсететін мамандардың тізілімі енгізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тізілім – бұл Әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген мамандардың электрондық тізімі, онда әлеуметтік қызметкер туралы толық ақпарат бар: жеке деректері, білімі, біліктілікті арттыру туралы мәліметтері, аттестаттаудан өту туралы мәліметтері, жұмыс тәжірибесі және т.б.

Тізілім арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін барлық мамандардың тізбесін тиімді қалыптастыруға, әлеуметтік қызметкерлер туралы ақпаратқа қолжетімділікті жақсартуға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

«Қазақстанда 2024 жылдың қорытындысы бойынша 1 023 объекті бөлімшелерін ескере отырып, барлығы 502 мемлекеттік ұйым және 122 ҮЕҰ арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетті. Олардың ішінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, оңалту орталықтары мен үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері, уақытша болу орталықтары және дағдарыс орталықтары бар», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратында.

Әлеуметтік қызметкерлер бүгінде 8 қызмет түрін көрсетеді, олар: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбек және әлеуметтік-медициналық қызмет.

АӘҚ оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, олардың алушыларының жасын және денсаулық жағдайын, сондай-ақ тұру жағдайларын ескере отырып тағайындалады.