Референдум-2026

Қазалы теміржол вокзалы жаңартудан кейін қайта ашылды

Бүгін, 13:03
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қазалы теміржол вокзалы жаңартудан кейін қайта ашылды
Фото: ҚТЖ

Қызылорда облысында 1903 жылы салынған Қазалы станциясының теміржол вокзалын қайта жаңарту аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қазақстан темір жолы компаниясына сілтеме жасап.

Қайта құрудан кейінгі ғимараттың жалпы ауданы 1 014 шаршы метрді құрады.

Жұмыс барысында вокзал ғимараты толығымен жаңартылды. Шатырды ауыстыру, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары орындалып, инженерлік желілер жаңартылды, іргелес аумақ пен перрон абаттандырылды, заманауи жабдықтар мен жиһаздар орнатылды.

«Ғимараттың қасбеті берік травертинмен қапталса, жертөле қазақстандық өндірістің гранит плиткасынан жасалған. Отандық өндірістің энергия үнемдейтін екі қабатты терезелері бар «жылы» тірек-ригел жүйесінің заманауи алюминий витраждары орнатылды, бұл ғимараттың табиғи жарық деңгейі мен энергия тиімділігін арттырды. Шатырды орнату кезінде заманауи жылуды ұстап тұратын материалдар қолданылды», делінеді хабарламада.

Айта кетейік, Қазалы станциясының теміржол вокзалы II класқа жатады. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 375 адамды құрайды. Станция арқылы Алматы, Астана, Қызылорда, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау облысы және Оралмен, сондай-ақ Ресеймен, Өзбекстанмен және Қырғызстанмен қатынайтын 24 жолаушылар пойызы қатынайды.

Еске салсақ, Солтүстік Қазақстанда жаңғыртылған екі теміржол вокзалы пайдалануға берілді.