Астанада түрлі елдердің елшіліктері Есіл жағалауын тазартуға қатысты

Астанада түрлі елдердің елшіліктері Есіл жағалауын тазартуға қатысты
Фото: Астана қаласы әкімдігі

«Таза Қазақстан» республикалық бастамасы мен Дүниежүзілік тазалық күні – World Cleanup Day аясында ұйымдастырылған #EUBeachCleanup экологиялық акциясына 500-ге жуық волонтер қатысты. Олар Есіл өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Экологиялық акцияны Қазақстандағы Еуропа одағының өкілдігі мен Астанадағы Эстония елшілігі елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Іс-шараға Еуропа, Америка, Азия және Африка елдерінің елшіліктерінен дипломаттар мен қызметкерлер, халықаралық ұйымдардың өкілдері, студенттер, елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты. Қатысушылар Есіл өзенінің жағалауын тазарту үшін бір жерге жиналды.

Қазақстандағы Еуропа одағының елшісі Алешка Симкич мұндай бастамалар жаһандық экологиялық мақсаттарды жергілікті деңгейдегі нақты іс-шараларға айналдыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазақстандық серіктестерімізбен және жүздеген қатысушымен бірге әр адамның үлесі маңызды екенін тағы бір мәрте көрсетіп, әрқайсымыз жағдайды жақсы жаққа өзгерте алатынымызға көз жеткізіп отырмыз. Қазақстан өзінің тамаша әрі табиғи келбетін сақтаған табиғатымен мақтана алады.

Оны қоқысқа толтырмай, сақтап қалу әрқайсымызға байланысты. Бүгінгі акция одан әрі жалғасын тауып, көпшілікті қоршаған ортаны таза ұстауға және оны жақсартуға өз үлесін қосуға ынталандырады деп сенемін», – деді Алешка Симкич.

Іс-шара бағдарламасына аумақты тазартумен қатар, экологиялық өмір салтына арналған интерактивті алаңдар да кірді. Likekomek ұйымымен бірлесіп қатысушылар қажетсіз киімдерін брендтік мерчке айырбастай алды. Ал ECONetwork ұйымы Green Point экологиялық аймағын ұйымдастырып, онда қайта өңделген пластиктен жасалған бұйымдар таныстырылды. Сондай-ақ қалдықтарды дұрыс сұрыптау және оларға жауапкершілікпен қарау туралы ақпарат берілді.

Қазақстандағы Эстония елшісі Марье Лууп Дүниежүзілік тазалық күні 2008 жылы Эстонияда бастау алғанын және уақыт өте келе халықаралық экологиялық қозғалысқа айналғанын еске салды.

«Дүниежүзілік тазалық күні – жай ғана қоқыс жинаудан әлдеқайда ауқымды ұғым. Бұл – адамдардың өздері тұратын жерге жауапкершілікпен қарауға дайын болуы. Ол экологиялық мәселелердің шекара талғамайтынын және оларды шешу үшін жергілікті деңгейдегі іс-қимылмен қатар халықаралық ынтымақтастық та қажет екенін көрсететін жаһандық ынтымақтастықтың символы», – деп атап өтті Марье Лууп.

Экологиялық іс-шараның алдында #EUKZWalkingChallenge челленджі басталды. Бастама күнделікті дене белсенділігін экологиялық санамен ұштастыруды көздейді.

Еске сала кетсек, Астанада экологиялық акция барысында жүздеген ағаш отырғызылды.