Бір әулеттен шыққан астаналық құтқарушы Жұманбаевтардың қызмет жолы

Бір әулеттен шыққан астаналық құтқарушы Жұманбаевтардың қызмет жолы
Фото: Астана қаласы ТЖД

Бірі – 17 жылдық тәжірибесі бар өрт сөндіруші, екіншісі – құтқарушыларды оқиға орнына жеткізетін жүргізуші. Астанада бір әулеттен шыққан Қайырбек пен Әлішер Жұманбаевтар бір салада еңбек етіп жүр. 19 қазан – Құтқарушылар күніне орай Elordainfo.kz тілшісі олармен мамандықтың қиындығы, есте қалған оқиғалар мен туыстық қолдау туралы әңгімелесті.

36 жастағы Қайырбек Нұрланұлы өрт сөндіру қызметіне 2010 жылы әскерден оралған соң келген. Содан бері талай қауіпті жағдайды бастан өткерген.

Ал 28 жастағы Әлішер Нұрқатұлының еңбек өтілі – бес жыл. Мамандығы заңгер болғанымен, оқуын аяқтаған соң ағасының жолын қуған.

– Ағам өрт сөндіру бөлімінде он жылдан астам уақыт жұмыс істеп жүрген еді. Оқуымды бітіргеннен кейін қасында қызмет еткім келді. Ағам мені жұмысқа шақырды, – дейді Әлішер.

Қайырбек інісінің бала кезінен көлік жүргізуге икемі болғандықтан, оны өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі болуға шақырғанын айтады.

Қостанай облысындағы орман өрті мен Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінің маңында болған ірі өрт Қайырбектің есінде ерекше сақталғанын айтады. Алайда оның қызмет жолындағы ең ерекше оқиға – сегізінші қабаттан құлауға шақ қалған қызды құтқаруы.

– Қауіпті өрттер көп болды. Бірақ сегізінші қабаттан құлап қала жаздаған қызды құтқарғаным ерекше есімде қалды. Сол үшін 2020 жылы Президенттің қолынан «Жауынгерлік ерлігі үшін» марапатын алдым, – дейді ол.

Фото: Қайырбек Жұманбаевтың жеке мұрағатынан

Қайырбек Жұманбаев Қостанайдағы орман өртін сөндіруге қатысқаны үшін де марапатталған. Сондай-ақ «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Оның айтуынша, қанша жыл тәжірибе жинасаң да, өрттің қаупін алдын ала толық болжау мүмкін емес.

– Өртке кіргенде ненің жанып жатқанын, қай жерде жарылыс болуы мүмкін екенін білмейсің. Іште адам қалып қойған жоқ па деп іздейсің. Кейде төбе құлайды, газ баллондары жарылады. Сондықтан әр шақыртудың өз қаупі бар, – дейді Қайырбек.

Әлішердің міндеті – жеке құрамды төтенше жағдай орнына қауіпсіз әрі уақытында жеткізу. Оның айтуынша, әсіресе Астана көшелеріндегі кептелістер мен күтпеген жол жағдайлары жүргізушіден ерекше сақтықты талап етеді.

– Ағам өрт сөндіруші болғандықтан, қауіпті жағдайлармен тікелей бетпе-бет келеді. Ал менің міндетім – жеке құрамды оқиға орнына аман-есен жеткізу. Астанада кептеліс көп. Жолда адамдар кенет шығып қалуы мүмкін. Сондықтан үнемі мұқият болу керек, – дейді Әлішер.

Қайырбек інісіне үнемі сақтықты ескертіп отырады.

– Әрдайым «Байқа, асықпа, мұнда жауапкершілік үлкен» деп айтып жүремін, – дейді ағасы.

Қайырбек өрт сөндіру саласында жұмыс істеу күнделікті өмірдегі әдеттеріне де әсер еткенін айтады.

– Егер осы қызметте істемесем, қауіпсіздік ережелеріне дәл қазіргідей мән бермес пе едім. Үйде де, достарымның үйіне барғанда да қауіпсіздікке назар аударамын. Қауіпті нәрсені байқасам, ескертіп, өз тәжірибемде болған оқиғаларды айтып беремін, – дейді ол.

Қауіпті қызметте жүрген азаматтарға жақындары да алаңдайды.

– Отбасымыз қандай жұмыста жүргенімізді біледі. Әрине, уайымдайды. Кезекшілікке кеткенде қоңырау шалып тұрады, – дейді Қайырбек.

Бір әулеттен шыққан екі азаматтың қызметтегі міндеті әртүрлі болғанымен, екеуін ортақ жауапкершілік біріктіреді. Бірі өртпен күрессе, екіншісі әр шақыртуда әріптестерін оқиға орнына аман жеткізуге күш салады. Ал Қайырбектің інісіне айтатын «Байқа, асықпа» деген сөзі олардың қызметіндегі басты қағидалардың бірін аңғартады: асығыс сәтте де қауіпсіздікті ұмытпау.