Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет - Президент

Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет - Президент
Фото: akorda.kz

Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Ол құр сөз емес. Мәселе әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалатын орасан зор қаржы көлемінде де емес. Әйтсе де бұл тақырыпты қозғауға тура келеді.

Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен ешқашан бас тартпайды. Өйткені бұл міндет Конституциямызда анық әрі тура жазылған.

Ата заңның мәтінінде «Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгiленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқылы» деген арнайы бап бар. Яғни мемлекет кепілдендірілген көлемде тегін медициналық көмек береді. Бір сәт Тик-Токтан бас көтеріп, мұндай міндеттеме тағы қандай елдің Конституциясында бар екенін қарап көріңіздер», - деді ол.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда ғана бюджеттен төленетін медициналық көмек мемлекетіміздің әр азаматына, тек өз халқымызға ғана емес, шетелден келген әрбір қандасқа, тіпті елімізде тұруға рұқсаты бар шетелдік азаматтардың кейбір санатына да ұсынылады.

«Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздаса, сізге жай ғана аспирин бере салмайды, учаскелік дәрігер қабылдап, тексереді, диагноз қояды. Денсаулығыңызға қауіп төнген жағдайда жедел көмек көрсетіледі. Диабет, онкология, туберкулез және басқа да кең таралған сырқат түрлеріне ем-дом жасалады. Науқастарға дәрі-дәрмек тегін беріледі, жедел жәрдеммен, тіпті санитариялық авиациямен қамтамасыз етіледі (Жақында ауыр дертке шалдыққан бір ғалымды Италиядан алып келді)», - деді Президент.

Президенттің айтуынша, тегін медициналық қызметтердің тізімі мұнымен түгесілмейді.

«Азаматтарымыздың басым бөлігі оның игілігін көріп жатыр. Бір қызығы, неге екені белгісіз, ақысыз медициналық көмекке жүгінушілердің саны жазғы демалыстан кейін күзде, қыста және ерте көктемде күрт артып, келесі демалыстарға дейін жалғасады.
Айтпақшы, менің ұсынысыммен құрылған «Қазақстан халқына» қорын ұмытпағанымыз жөн. Аталған қор көп көмек көрсетеді, әсіресе ауыр дертке шалдыққан балаларға қол ұшын созады. 
Дәрігерлердің мәліметі бойынша мұндай жеңілдіктерді өткен ғасырдағы соғыстар мен қақтығыстарға, апаттарды жоюға қатысқан «ардагерлер» пайдаланып жүр. Бұл оқиғалардың бәрі тарих қойнауына кетті, бірақ, неге екені түсініксіз, ардагерлер жасара береді», деді Президент.

Мемлекет басшысы мүгедектігі бар жандардың саны 800 мыңнан асып кеткенін атап өтті.

«Әлеуметтік салада, әсіресе, түрлі деңгейдегі мүгедектікті айқындаған кезде әлі де заңды белден басу фактілері кездесетінін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Біз кездері мүгедектігі бар жандар 800 мыңнан асып кетті, ал халық саны – 20 миллион. Бейбіт заманда бұған сену қиын. Жазушы Чеховтің сөзімен айтсақ, «Бұлай болмауға тиіс, өйткені олай болуы ешқашан мүмкін емес». 

Қазақстанда ғана босанған әйел үш жылға декреттік демалысқа шыққанда, қаржылық пакеті мен жеңілдік төлемдері, ең бастысы, жұмыс орны сақталатынын еске салғым келеді. Мемлекет жас аналарды, кем дегенде, бұрынғы жұмысына орналастыруға міндетті.

Халықаралық рейтингтерде ұдайы көш бастайтын елдердің бірқатарында мұндай әлеуметтік жеңілдіктер жоқ, болуы да мүмкін емес. Ол жақта босанған аналар жарты айдан кейін қызметіне оралуға асығады, әйтпесе жұмысынан айрылады. Мемлекет кепілдік беретін тегін көмек жайында естімеген, ондай әлеуметтік қолдау шаралары бар дегенге сенбейді де. 

Ал біз мұны ашық айтпаймыз. Халықаралық рейтингтерде 30, 40, 50-орындарда, тіпті, одан да төмен сатыда орналасамыз. Азаматтарға қандай қамқорлық көрсетіліп жатқанын ешкім білмейді», - деді ол.