Қазақстан мен Жапония жасыл жобаларды қаржыландыруды талқылады

18 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Қазақстан мен Жапония жасыл жобаларды қаржыландыруды талқылады
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Қазақстан мен Жапония төмен көміртекті даму саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, бірлескен кредиттеу тетігі (JCM) аясында жаңа жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Бұл туралы Elordainfo.kz ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінде жапондық іскерлік орта өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар іске асырылып жатқан бастамалардың қазіргі мәртебесі туралы ақпарат алмасты.

Сондай-ақ парниктік газдар шығарындыларын азайтуға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және заманауи төмен көміртекті технологияларды енгізуге бағытталған жобаларды ілгерілетудің алдағы қадамдары талқыланды.

Тараптар Қазақстанның декарбонизация, экологиялық жаңғырту және төмен көміртекті экономикаға көшу жөніндегі ұлттық басымдықтарына сәйкес келетін жобаларды іске асыруда JCM тетігін қолдану мүмкіндігін кеңейтуге ерекше назар аударды.

Кездесуде Жапониямен технологиялық ынтымақтастықтың заманауи шешімдерді енгізу және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған жобаларға инвестиция тартудағы маңызы аталып өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар JCM аясындағы жобаларды одан әрі дамыту бойынша диалог пен бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.

Бұған дейін Қазақстан мен Корея орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты күшейтетінін жаздық.