Астанада әйелдердің көшбасшылық әлеуетін дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда

24 қыркүйек, 2026
Ернұр Сағымбек Ернұр Сағымбек
Астанада әйелдердің көшбасшылық әлеуетін дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда
Фото: Қазақстан әйелдер күштері альянсының Астана қаласы бойынша өкілдігі

Астанада әйелдердің кәсіби және көшбасшылық әлеуетін дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асып келеді. Қазақстан әйелдер күштері альянсының елордадағы өкілдігі әйелдердің бастамаларын қолдау, білім алуына және жаңа іскерлік байланыстар орнатуына мүмкіндік жасау бағытында жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар жастардың көшбасшылық қабілетін дамытуға арналған Жас көшбасшылар мектебін Астанада кеңейту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

2019 жылы құрылған Қазақстан әйелдер күштері альянсы бүгінде еліміздің 11 өңірінде жұмыс істейтін 140 үкіметтік емес ұйымды біріктіреді. Ұйымның негізгі мақсаты – әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған азаматтық қоғам институттарының күшін біріктіру.

Альянс жұмысы әйелдердің саясатқа және басқаруға қатысуы, жұмыспен қамту, корпоративтік басқару, денсаулық сақтау, бейбітшілік пен қауіпсіздік, отбасы мен бала мәселелері, сондай-ақ инклюзивті қоғам құру бағыттарын қамтиды.

«Бүгінде мен Астана қаласындағы Қазақстан әйелдер күштері альянсын басқарамын. Мен үшін бұл – жай ғана қоғамдық қызмет немесе лауазым емес. Бұл – Астана әйелдерін нақты идеялар мен жобалардың айналасына біріктіру, олардың бастамаларына қолдау көрсету және жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру жауапкершілігі», – деді Қазақстан әйелдер күштері альянсының Астана қаласы бойынша төрайымы, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы басқарма мүшесі Алмагүл Сегізбай.

Оның айтуынша, Альянс әйелдер үшін білім алуға, қолдау табуға, жаңа байланыстар орнатуға және өз идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін орта қалыптастыруды көздейді.

«Біз Альянстың әйелдер үшін білім алуға, қолдау табуға, жаңа байланыстар орнатуға, өз идеясын жүзеге асыруға, серіктестер мен пікірлестер табуға мүмкіндік беретін орта болғанын қалаймыз», – деді ол.

Альянстың маңызды бағыттарының бірі – жастардың көшбасшылық әлеуетін дамыту. Осы мақсатта Жас көшбасшылар мектебі жұмыс істейді. Жоба аясында жасөспірімдер көшбасшылық қасиеттерін, коммуникация, командалық жұмыс, жобалық ойлау және азаматтық жауапкершілік дағдыларын дамытады.

Бүгінде жоба аясында Қазақстан өңірлерінде 1700-ден астам жасөспірім білім алған.

«Астана үшін бұл бағытты одан әрі дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Ол үшін мектептер мен колледждермен, қосымша білім беру ұйымдарымен, сарапшылармен және бизнес-қоғамдастықпен серіктестікті нығайтуды көздейміз», – деді Алмагүл Сегізбай.

Сонымен қатар елордада әйелдердің кәсіби дамуы мен басқару ісіне қатысуын арттыруға басымдық берілмек. Бұл ретте білім беру кездесулері, тәлімгерлік бағдарламалар мен тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

«Әйелдер көшбасшылығын, кәсіби дамуды және әйелдердің басқару ісіне қатысуын арттыруға ерекше мән береміз. Осы мақсатта білім беру кездесулерін, тәлімгерлік бағдарламаларды, тәжірибе алмасу алаңдарын ұйымдастырып, жаңа іскерлік байланыстар мен бірлескен жобаларды дамытуға ниеттіміз», – деді Альянс төрайымы.

Алдағы уақытта ұйым әйел көшбасшыларды, кәсіпкерлерді, басшыларды, сарапшыларды, үкіметтік емес ұйым өкілдерін және әйелдерді қолдау бағытындағы бастамаларға қызығушылық танытқан азаматтарды ортақ жобаларға тартуды жоспарлап отыр.

«Бүгін әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту туралы айтып қана қоймай, сол мүмкіндіктерді іс жүзінде жасау маңызды», – деді Алмагүл Сегізбай.

Осы бағыттағы жұмыстар арқылы Альянс елордадағы әйелдер мен жастардың әлеуетін ашуға, олардың бастамаларын қолдауға және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасауды көздейді. Ұйым үшін негізгі міндет – әйелдерге жаңа мүмкіндік ұсынып, сол мүмкіндіктерді нақты жобалар мен серіктестік арқылы іске асыру.