Астаналық қариялар Шәкәрім мұрасын дәріптеген зияткерлік сайысқа қатысты
Астананың «Нұра» ауданында Қарттар күні қарсаңында аға буын өкілдері арасында «Шәкәрім шалқарынан сусында» атты күзгі зияткерлер ойыны өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Зияткерлік сайыс ұлы ойшыл, ақын әрі жазушы Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығына, рухани мұрасы мен тұлғалық болмысына арналды.

Сайысқа елорданың бес ауданынан құралған командалар қатысты. Атап айтқанда, «Сарыарқа» ауданынан – «Сарыарқа», «Байқоңыр» ауданынан – «Зерде», «Есіл» ауданынан – «Сырсандық», «Сарайшық» ауданынан – «Мұра», «Алматы» ауданынан – «Қазына» командалары бақ сынады.

Іс-шараны «Нұра» ауданындағы «Ұлағат» зияткерлер клубы ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай зияткерлік ойындар әр маусым сайын өткізіліп келеді. Бұған дейінгі сайыстар Абай мұрасы мен Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығына арналса, бұл жолы Шәкәрім Құдайбердіұлының рухани мұрасы арқау болды.
«Әр маусымда зияткерлік ойындар өтеді. Бұған дейінгі ойындар Абай мұрасы мен Алаш қайраткерлеріне арналса, бұл жолы Шәкәрім Құдайбердіұлының мұрасын негізге алып отырмыз. Әр ауданнан қазақ топтары арасынан бес құрама қатысты. Зияткерлер ойыны орталық ашылғаннан бері тұрақты өткізіліп келеді. Бүгінде оған 80-ге жуық ата-әже қатысады», – деді Астана қаласы әкімдігінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының Әлеуметтік қызметтерді ақпараттық ілгерілету бөлімінің басшысы Меруерт Нұрғалиева.

Айта кетейік, жарысты ұйымдастыратын ауданның командасы сол жолы сайысқа қатыспайды. Өзге аудандардың өкілдері өзара бақ сынайды.
Бұған дейін Астанада жастар мен отбасылар арасында Quiz өткен болатын.