Жалпыұлттық аза тұту күні

Бас мүфти Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздардың рухына Құран бағыштады

Бүгін, 18:23
Думан Аманжол Думан Аманжол
Бас мүфти Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздардың рухына Құран бағыштады
Фото: ҚМДБ

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінде жұма уағызын жүргізіп, қаза болған сарбаздарымыздың рухына құран бағыштады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас мүфти қайғылы оқиғаға байланысты қаза тапқан сарбаздардың ата-аналарына, отбасы мүшелері мен жақындарына ҚМДБ және елдегі барша дін қызметкерлері атынан көңіл айтты.

«Күні кеше Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу жиынында сарбаздарымыздың қаза болуы – баршамыз үшін ауыр қайғы. Осыған байланысты Мемлекет басшысы бүгінгі күнді Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Қаза болған сарбаздардың ата-аналарына, отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Уағыз барысында Бас мүфти Құранның «Бақара» сүресіндегі 155–156-аяттарды оқып, қайғы-қасіретке сабыр етуге үндеді.

«Отан қорғау жолында, ел алдындағы міндетін адал атқарып жүріп қаза тапқан бауырларымыздың артында қалған ата-аналарына, жарлары мен перзенттеріне, туған-туыстарына Алла Тағала таудай төзім, көркем сабыр нәсіп етсін. Ел тыныштығы мен жер амандығы жолында қызмет еткен азаматтарымыздың ерлігі мен жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталсын», - деді Бас мүфти. 

Бас мүфти дұғасында марқұмдардың күнәларының кешірілуін, жандары жәннатта болуын және қара жамылған отбасыларына жүрек тыныштығы мен медет берілуін тіледі. Сондай-ақ елімізді түрлі апаттар мен қауіп-қатерден қорғап, халқымызға бейбітшілік пен береке нәсіп етуін сұрады.

Еске салсақ, Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов қаза тапқан сарбаздардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, кінәлі тұлғалардың жауапкершіліктен жалтармайтынын атап өтті