Астананың тазалығына өз үлесімді қосқаныма мақтанамын – жол жұмысшысы

26 қыркүйек, 2026
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
Астананың тазалығына өз үлесімді қосқаныма мақтанамын – жол жұмысшысы
Фото: Әлібек Жаманбаевтың жеке мұрағатынан

Елімізде қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күні аталып өтеді. Бұл – адал еңбекті бағалап, әр сала маманының ел дамуына қосқан үлесін дәріптейтін мереке. Осыған орай Elordainfo.kz Астана көшелерінің тазалығын қамтамасыз етуге атсалысып, осы салада ұзақ жылдан бері жұмыс істеп жүрген Әлібек Жаманбаевтың еңбек жолын оқырман назарына ұсынады.

Софиевкадан күн сайын таңғы 5-те жұмысқа шығып, Астана көшелерін тазалауға кірісетін Әлібек Кауысханұлы бұл салада 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ол үшін тазалық – жай ғана жұмыс емес, елорданың көркеюіне қосқан өзіндік үлесі.

Әлібек Жаманбаев «Астана Тазалық» кәсіпорнына алғаш рет 2007 жылы жұмысқа келген. Үш жыл еңбек еткеннен кейін, белгілі бір себептермен жұмыстан шығуына тура келіпті. Алайда араға бірнеше жыл салып, ол бұрынғы ұжымына қайта оралды.

«2017 жылы қайта келдім. Бұл жұмысты ұнаттым. Өзімнің ұжымым да ұнайды. Сондықтан бұрынғы ұжымыма қуана оралдым», – дейді еңбек адамы.

Оның айтуынша, кәсіпорын жұмысшыларға жағдай жасауға мән береді. Жалақысы уақытында төленіп, сыйақы да қарастырылады.

Әлібек Кауысханұлы осы салаға оралған тұста қалада EXPO көрмесіне дайындық қызу жүріп жатқанын еске алады.

 «Астана Тазалық» тарапынан біз де EXPO-ның ашылуына өз үлесімізді қостық. Сол кезде қалада жұмыс көп болды», – дейді ол.

Жол жұмысшысының жұмыс күні таңғы 6:00-ден 15:00-ге дейін жалғасады. Әлібек Жаманбаев елордадан шамамен 30 шақырым жердегі Софиевка ауылында тұрады. Жұмысшылар қызметтік көліктерге отырып, таң атпастан жолға шығады. Таңғы сағат 5-те жұмыс орнына жетіп, киім ауыстырып, тапсырма алады. Сағат 6:00-де жұмысшылар көшеге шығады.

«Көшеге шыққанда әртүрлі жұмыс істейміз. Біреулер қоқыс жәшіктерін босатады, біреулер жуады. Көшені, тротуарларды, жолдың бойын сыпырамыз. Әртүрлі жұмыс бар», – дейді ол.

Жол жұмысшысының еңбегі жыл мезгілін талғамайды. Қыстың қақаған аязы, көктемгі жаңбыр, жаздың ыстығы мен күздің салқыны – жұмысты әсте тоқтатпайды.

«Бір жылда төрт мезгіл бар, әр мезгілдің өз қиындығы бар. Аязда да жұмыс істейміз, қарда да, жаңбырдың астында да жұмыс істейміз», – дейді кейіпкеріміз.

Әлібек Жаманбаев елорданың соңғы жылдардағы өзгерісін көшеде жүрген адам ретінде жақсы байқайды.

«Астана жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Мен 2017 жылы келген кездегі Астана мен қазіргі Астананың айырмашылығы – жер мен көктей», – дейді ол.

Жол жұмысшысы үшін қала тазалығының нәтижесі – көзге көрінетін еңбектің бірі.

«Астананың тазалығын көргенде «мен де өз үлесімді қостым» деп мақтанамын», – дейді Әлібек Кауысханұлы.

Оның есінде тұрғындардың бірі айтқан сөз де ерекше сақталыпты. Бірде ол аялдама маңын жинап жүргенде, жасы үлкен апай жанына келіп, алғысын білдірген.

«Осы адамдардың еңбегі адал. Жаңбыр жауса, суды жоқ қылады, қар жауса, қарды жоқ қылады», – деп батасын берген екен.

Мұндай сөздер – қарапайым жұмысшы үшін үлкен қолдау. Дегенмен тұрғындардың бәрі бірдей жылы қабақ таныта бермейтін көрінеді.

«Адам баласы әртүрлі ғой. Біреулері алғысын айтып, батасын беріп жатады. Біреулері керісінше бізге ұрысып та жатады», – дейді ол.

Осы жылдар ішінде бұл жұмыс Әлібек Жаманбаевтың бойында төзімділік, шыдамдылық және жауапкершілік қалыптастырған.

Жұмыстан тыс уақытта ол Софиевкадағы үй шаруасымен айналысады. Бау-бақшаға қарайды, құс өсіреді. Бос уақытында кітап оқығанды ұнатады.

Ал қала тұрғындары мен қонақтарына айтар тілегі қарапайым.

«Тазалықты сақтаңыздар, адамдардың еңбегін бағалаңыздар», – дейді ол.

Елорданың таңғы көшелерінде қала тіршілігі әлі басталмай жатып, жұмысқа кірісетін жол жұмысшыларының еңбегі көбіне көзге байқала бермейді. Бірақ күн сайын таза көшеге шыққан әрбір тұрғын сол еңбектің нәтижесін көреді.

Бұған дейін «Астана-Энергия» АҚ №2 жылу электр орталығының электромонтері Алтынбек Байқуатовтың еңбек жолы туралы жазғанбыз.