Ерлан Қарин: Жұрттың ынтымағы, мемлекеттің беріктігі осындай қысылтаяң шақта білінеді
ҚР Вице-президенті Ерлан Қарин Қазақстанда жарияланған Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты жазба жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ол қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтып, жауынгерлердің Отан алдындағы әскери борышын адал атқарғанын атап өтті.
«Қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына тағы да қайғысына ортақтасып көңіл айтамын. Жауынгерлер Отан алдындағы әскери борышын адал атқарды», – деп жазды Ерлан Қарин.
Вице-президент арнайы Үкіметтік комиссия құрылып, жұмысын бастағанын айтты. Оның сөзінше, құқық қорғау органдары тарапынан тиісті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетуді тапсырған.
Одан бөлек еліміздің белгілі кәсіпкерлері марқұмдардың отбасыларын материалдық тұрғыдан қолдайтындарын мәлімдеп жатқанын айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өкімімен елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Қаралы күнге байланысты барлық Мемлекеттік Тулар төмен түсірілді. Ойын-сауық шараларына тыйым салынды. Телеарналар мен радиолардың бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Ақпараттық сайттар мен мерзімді басылымдар ақ-қара түсті режимге көшірілді. Белгіленген тәртіпке сәйкес, мемлекеттік деңгейдегі ресми отырыстар мен іс-шаралар қаза тапқандарды үнсіздікпен еске алудан басталуда», – деді вице-президент.
Ерлан Қарин халықты сабыр сақтап, бір-біріне қолдау көрсетуге шақырды.
«Халқымыз осынау қиын сәтте тағы да өзінің береке-бірлігін көрсетіп, ауыр қайғыны бөлісуде. Жұрттың ынтымағы, мемлекеттің беріктігі осындай қысылтаяң шақта білінеді. Сол себепті баршамыз сабыр сақтап, бір-бірімізге қамқорлық танытып, елдігімізді білдіріп, ауыр сынақтан бірлесіп шығайық. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіресін, тұғырынан түспесін», – деді ол.
Еске салайық, бұдан бұрын 25 қыркүйекте елімізде жалпыұлттық аза тұту күні жарияланғаны туралы жаздық.