Президент Qazpost-YTО бірлескен кәсіпорнының жұмысын оң бағалады

25 қыркүйек, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Президент Qazpost-YTО бірлескен кәсіпорнының жұмысын оң бағалады
Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев YTO Express атқарушы директоры Чжоу Цзянь мен Pinduoduo компаниясының халықаралық бизнес жөніндегі жетекшісі Вэн Пэйчэнді қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Әңгімелесу барысында логистика және электронды коммерция саласында, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру аясында өзара тиімді ынтымақтастық құруға мүмкіндік мол екені атап өтілді.  

Президенттің айтуынша, еліміз 2030 жылға қарай жалпы саудадағы электронды коммерцияның үлесін 20 пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр.

Мемлекет басшысы бұл ретте қытайлық серіктестермен бірлесе аталған міндетті мерзімінен бұрын орындауға болады деп санайды.

Кездесуде Almaty SkyHub көлік-логистика хабын құру жобасына айрықша мән берілді. Мақсат – Еуропалық одақ, ЕАЭО және Орталық Азия елдеріне шығатын тауарларды жедел рәсімдеу. Осы бастама Қазақстанның оңтүстік өңірінде көлік-логистика саласының дамуына тың серпін бермек.  

Мемлекет басшысы интеллектуалды IT-шешімдерді кеңінен қолданатын әрі логистика үдерісін автоматтандырған Qazpost-YTО бірлескен кәсіпорнының жұмысын оң бағалады. Бүгінге дейін YTO Express пен «Қазпошта» құрған кәсіпорын 12,5 миллион сәлемдеме жөнелткен.  

Чжоу Цзянь ірі жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

YTO Express атқарушы директоры Қазақстан Президентіне компанияның тиімді жеткізу тізбегін жолға қою, сондай-ақ логистика үдерісін цифрландыру тәжірибесі туралы мәлімет берді.

Кездесу барысында Вэн Пэйчэн биыл қазан айында Қазақстанда Pinduoduo компаниясымен бірлескен жобаның іске қосылатынын айтты.

Еске салсақ, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Xinfa Group компаниясының президентін қабылдады.