Қазақстанда қылмыс құрбандарына мемлекеттен өтемақы төленеді: Кімдер ала алады?
Қазақстанда ауыр қылмыстардан зардап шеккен азаматтарға мемлекет тарапынан біржолғы өтемақы төленеді. Қаржылай көмекті алу үшін кінәлі адамның анықталуы немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы міндетті емес, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Бас прокуратура мәліметінше, «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік өтемақы белгілі бір санаттағы қылмыс құрбандарына беріледі.
Атап айтқанда, төлемді жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған кәмелетке толмағандар, адам саудасы мен азаптау құрбандары, сондай-ақ қылмыс салдарынан денсаулығына ауыр зиян келген немесе АИТВ/ЖИТС жұқтырған азаматтар ала алады.
Егер қылмыс салдарынан жәбірленуші қайтыс болса, өтемақы алу құқығы оның заңды өкілдері мен жақын туыстарына беріледі. Өтемақы бір рет төленеді. Оның мөлшері қылмыстың санатына қарай 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін белгіленеді. Жәбірленуші өтемақы алу үшін өзін жәбірленуші деп таныған күннен бастап үш жыл ішінде өтініш бере алады.
Қылмыстық қудалау органы азаматты жәбірленуші деп таныған кезде оған мемлекеттік өтемақы алу құқығын және өтініш беру тәртібін жазбаша түсіндіруге міндетті. Өтінішті банктік шотты көрсете отырып, қылмыстық істі жүргізіп жатқан тергеушіге немесе анықтаушыға беруге болады. Қажетті процестік құжаттар қалыптастырылғаннан кейін төлем қолма-қол ақшасыз түрде жүргізіледі.
Мемлекеттік өтемақыны алу азаматтың кінәлі адамнан сот арқылы материалдық және моральдық зиянды толық өтеуді талап ету құқығын шектемейді. Өтемақы алу тәртібіне қатысты толық ақпаратты азаматтар қылмыстық іс жүргізіліп жатқан жердегі құқық қорғау органдарынан ала алады.