Жалпыұлттық аза тұту күні

Астанада отырып ойнайтын волейболдан қалалық чемпионат өтеді

Астанада отырып ойнайтын волейболдан қалалық чемпионат өтеді
Фото: ұйымдастырушылар

26 қыркүйекте Астанада отырып ойнайтын волейболдан қала чемпионаты өтеді. Ерекше форматтағы жарыс мүмкіндігі шектеулі және мүгедектігі жоқ спортшыларды бір алаңда біріктіреді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жарысты Астана қаласының волейбол федерациясы ұйымдастырады. Чемпионаттың негізгі мақсаты – қалада волейболды дамыту және насихаттау, тұрғындарды спортқа тарту, спортшылардың шеберлігін арттыру және командалар арасындағы спорттық байланысты нығайту.

Жарыстың басты ерекшелігі – инклюзивті форматта өтуі. Чемпионатқа параволейбол спортшыларымен қатар, мүгедектігі жоқ спортшылар да қатыса алады. Осылайша, спорт арқылы әртүрлі мүмкіндіктері бар адамдардың басын қосып, өзара түсіністік пен командалық рухты қалыптастыруға жағдай жасалады.

Чемпионат 2026 жылғы 26 қыркүйек күні Астана қаласындағы Ақшоқы көшесі, 2 мекенжайындағы Паралимпиадалық жаттығу орталығында өтеді. Қатысушылар отырып ойнайтын волейболдың қолданыстағы ресми ережелері бойынша бақ сынайды. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және арнайы номинациялар бойынша марапатталады.

Федерация жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін спорт залын дайындау, білікті төрешілерді тарту, медициналық сүйемелдеу мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қатысушыларға ауыз су ұсыну, залды безендіру және брендтеу, сондай-ақ турнирдің бейнетрансляциясын ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді.

Астана қаласының волейбол федерациясы спорт пен волейболды дамытуға қолдау көрсетіп отырған серіктестеріне ерекше алғысын білдіреді.

Федерация «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамына, «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қорына және Құмар ойындарды мониторингілеу орталығына Астанада спорт пен волейболды дамытуға көрсеткен қолдауы мен ықпалдастығы үшін ерекше алғыс білдіреді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар инклюзивті спортты дамытуға, спортшылардың өз әлеуеттерін көрсетуіне және Астананың волейбол қауымдастығын одан әрі біріктіруге мүмкіндік береді.