Қазақстан мен Үндістан саудадағы жаңа мүмкіндіктерді талқылады
Астанада «Үндістан-Қазақстан стратегиялық диалогы» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Жиында екі ел арасындағы саяси байланыстармен қатар, сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараны Үндістанның Қазақстандағы елшілігі, Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институты және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырды.
Конференция барысында Үндістанның Қазақстандағы елшісі Сайлас Тангал екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін атап өтті.
«Елшілік Астанада екі күндік Үндістан жібегінің ауқымды көрмесін және сатып алушылар мен сатушылар кездесуін ұйымдастырды. Бұл іс-шаралар бизнес өкілдері арасында тікелей байланыстар орнатуға және нақты коммерциялық нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған», - деді Сайлас Тангал.

Оның айтуынша, қос ел арасындағы әріптестік өзара құрметке және бейбітшілікке, тұрақтылық пен дамуға деген ортақ ұстанымға негізделген.
Биыл екі елдің бизнес-қоғамдастықтары арасындағы байланыстарды күшейту бағытында бірқатар нақты іс-шара ұйымдастырылды. Алматыда Үндістан-Қазақстан фармацевтикалық бизнес форумы өткізіліп, оған 45-тен астам үндістандық фармацевтикалық компания мен 200-ден астам қазақстандық мүдделі тарап қатысты.
Сондай-ақ Үндістанның 16 компаниясынан құралған көпсалалы бизнес делегациясы Шымкентке барып, онда бизнес-форум мен B2B кездесулер өткізді. Делегация Астанада Сауда вице-министрімен «Атамекен» ҰКП және «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдерімен де кездесті.
Конференцияда сарапшылар мен ғалымдар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты нақты ұсыныстар әзірлеу ұсынылды.