Бостон марафонының жеңімпазы Юки Каваучи Қазақстанға алғаш рет келді

25 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Бостон марафонының жеңімпазы Юки Каваучи Қазақстанға алғаш рет келді
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Қазақстанға алғаш рет келген 2018 жылғы Бостон марафонының жеңімпазы Юки Каваучи 27 қыркүйекте өтетін Almaty Marathon жарысына қатысады. Бұл оның Орталық Азиядағы алғашқы старты болмақ, деп хабарлайды Elordainfo.kz Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жапониялық желаяқ спорттық мәнсабының басым бөлігінде жүгіруді мемлекеттік қызметтегі жұмысымен қатар алып жүрген. Ол 2018 жылы ауа райы күрт өзгерген күрделі жағдайда өткен Бостон марафонында 2 сағат 15 минут 58 секунд нәтижесімен жеңіске жетті. Ал кәсіби спортшы ретінде мәнсабын бір жылдан кейін бастады.

Ерекше спорттық жолына байланысты Каваучиге Citizen Runner – «халықтық желаяқ» деген лақап ат берілген. Ол 100-ден астам марафонды 2 сағат 20 минуттан аз уақытта жүгіріп өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Оның марафондағы жеке рекорды – 2:07:27.

«Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Алматыны жүгірушінің көзімен көріп, қаламен, оның тұрғындарымен танысып, ерекше энергиясын сезінуді асыға күтіп жүрмін. Маған әртүрлі елдегі марафондарға қатысқан ұнайды. Біз түрлі тілде сөйлеп, әртүрлі мәдениеттің өкілі болуымыз мүмкін. Бірақ сөре сызығында бір-бірімізді сөзсіз түсінеміз», – деді Юки Каваучи.

Биылғы мерейтойлық Almaty Marathon жарысына 16 мың адам қатысады деп жоспарланған. Олардың шамамен әр оныншысы – шетелдік спортшы, тағы 14%-ға жуығы Қазақстанның басқа өңірлерінен қатыспақ.

Негізгі 42,2 шақырымдық марафон қашықтығын шамамен 1,6 мың қатысушы таңдаған.

Биыл жарыс бағыты да толық жаңартылды. 42,2 шақырымдық марафон қашықтығы алғаш рет бір айналыммен өтіп, Алматының тарихи орталығын қамтиды.

Жарыс 27 қыркүйек күні сағат 07:30-да Абай алаңынан басталып, қатысушылар Республика алаңында мәреге жетеді.

Almaty Marathon Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Ұйымдастырушысы – «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры.

Еске салсақ, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Astana Half Marathon шетелдік қатысушылар саны бойынша рекорд орнатқан еді.