Тоқаев: Тазалық пен тәртіпті сақтау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керек

Бүгін, 12:26
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Тоқаев: Тазалық пен тәртіпті сақтау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керек
Фото: akorda.kz

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң және Тәртіп» қағидаты егіз ұғым. Бұл туралы Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Дегенмен «үшінші сектордың» басты міндеті – қоғамда Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Табиғатты аялау қағидаттарын орнықтыру.  

Бұл жұмыстың маңызына бір сөзбен баға беру қиын. Сіздер осынау мемлекеттік және қоғамдық қағидаттардың мәні мен мақсатын жақсы түсінесіздер.  

Өкінішке қарай, мәдениетсіздік фактілерімен жиі бетпе-бет келеміз. Табиғатты, қоғамдық орындарды қасақана ластайды.  

Қоғамға, мемлекетке қарсы мұндай бейбастақ әрекеттерге жазаны күшейткен дұрыс деп есептеймін.  

«Таза Қазақстан» дегеніміз – адамның айналасына жауапкершілікпен қарау дағдысы, азаматтық кемелдіктің көрсеткіші, мемлекет өркениетінің маңызды өлшемі.  

Қалаларымыз бен ауылдарымыздың біразында жоғары экологиялық мәдениет пен қоғамдық тәртіп үлгісін көріп-байқап жүрміз. Бұл бізді қуантады. Қазақстанды қонақжай әрі қауіпсіз ел ретінде таниды.  

Енді осы артықшылықтарымызбен қоса, тазалықты да ұлттық брендке айналдыруымыз керек.  

Елімізге келген қонақтар қазірдің өзінде қалаларымыздың келбетіне тамсана қарайды. Бұл Қазақстанның туристік әрі инвестициялық тартымдылығын еселей түседі. Осындай жетістіктерді ел аумағында таратуымыз керек.  

«Таза Қазақстан» бастамасының мән-мазмұнын күшейтіп, тың идеялармен, креативті жобалармен толықтырған жөн», - деді Мемлекет басшысы.

️Президент тазалық пен тәртіпті сақтау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керектігін айтты.

«Жалпы, тазалық пен тәртіпті сақтау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керек. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны айдан анық.  

Біз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы арқылы тұтас ұлтымыздың болмысын өзгертіп жатырмыз.  

Табиғатқа немқұрайлы қарауға, бейқам болуға, бұл мәселеде ешқандай қатігездікке жол беруге болмайды.  

Адам мен табиғат – егіз. Біз қоршаған ортаға қамқор болуымыз керек.  

Тағы да атап өткім келеді: қалалардың сәулеті мен көркінен халқымыздың мәдениеті, бойындағы қадір-қасиеті және құндылықтары көрініс табады.  

Еліміздің таза, тартымды болғаны ең алдымен азаматтарымыздың көңіл-күйіне, әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Сондай-ақ, бұл – экономикалық өсімге ықпал ететін маңызды фактор.  

Сондықтан, елімізді жаппай көгалдандыру, тазалықты сақтау, заң мен тәртіпті бұзбау – мемлекеттік маңызы бар міндеттер.   

Біз бір күннің қамы үшін емес, болашақ ұрпақтың жарқын болашағы үшін осы жұмыспен белсенді түрде айналысуымыз керек», - деді Мемлекет басшысы.

️Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң және Тәртіп» қағидаты егіз ұғым екендігін ескертті.

«Менің тазалыққа, тәртіпке және табиғатты аялауға айрықша мән беретінімді байқаған боларсыздар. Қайткен күнде де бұл істе кідіруге, босаңсуға болмайды.  

Жекелеген тұлғалар, тіпті, тұтас халықтар өзін-өзі тәрбиелей алмағанын тарих дәлелдеді. Мұндай міндетті отбасы мен мектеп, қоғам мен мемлекет, ең алдымен, мәдени-рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы орындай алады.  

Біз қалалар мен тұтас еліміздің келбетін ғана емес, одан да маңыздысы, ұлтымыздың менталитетін өзгертіп жатырмыз.  

Немқұрайлық пен салғырттықтан, тіпті өшпенділіктен біртіндеп арылып, тазалыққа, жауапкершілікке, табиғатты аялауға бой үйрете бастадық.  

Бұл азаматтардың, оның ішінде бірнеше буын өкілдерінің көңіл-күйіне жағымды әсерін тигізіп, қоғамдағы ахуалдың жақсаруына ықпал етеді, түптеп келгенде экономикалық өсімді жеделдететін факторға айналады.  

«Таза Қазақстанның» қуаты – қоғамды жылдар бойы жалғасатын жағымды әрі жасампаз күн тәртібінің төңірегіне топтастыруда.  

Маңайы тап-таза болып, жарқырап тұрса, адам да соған сай әдеп сақтауға тырысады. Лас әрі қараусыз жерде енжарлық басып, құқықтық нигилизм белең алады. Бұл құбылыс әлемдік урбанистикада «сынған терезе салдары» деген атаумен белгілі.  

Сондықтан «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң және Тәртіп» қағидаты егіз ұғым десек болады. Берекесіздік пен тәртіпсіздік белең алған жағдайда заңның сақталуын талап ету мүмкін емес», - деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы тазалық азаматтарды өз қадір-қасиетін сезінуге үйретіп, ертеңге деген сенімін күшейтетінін айтты.

«Абаттандыру ісіне жұмсалған қаржы – халқымыздың болашағына жасалған инвестиция.  

Сәні мен сәулеті жарасқан қала кеңістігі қатал ұстаз сияқты артық ақыл айтып, ділмәрсімей-ақ дұрыс жүріп-тұруға баулиды.  

Тазалық азаматтарымызды өз қадір-қасиетін сезінуге үйретіп, ертеңге деген сенімін күшейтеді.  

Мұның бәрі – бір-бірімен байланысты дүние. Көшедегі тазалық пен тәртіп қоғамды жасампаздыққа құлшындырып, әлеуметтік оптимизмді оятады. Сайып келгенде, елдің әл-ауқатының артуына ықпал етеді.  

Біз әлеуметтік масылдықтан арылып, жауапты серіктестікке түбегейлі көшуге жағдай жасауымыз керек.  

Елдегі өзгеріс қарапайым істен басталады. Тұрғындары іскер, белсенді әрі жаңашыл әкімді сайлаған берекелі ауылдан, өз үйінің мәселесіне бей-жай қарамайтын мүлік иелері бірлестігінің тату-тәтті тіршілігінен, азаматтарға шарапаты тиген волонтерлік және қайырымдылық бастамалардан көрінеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.