Шолпанай Тұрсынқұл: Таза қала – баршаға ортақ жауапкершілік
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ел көлемінде қоршаған ортаны абаттандыру және тазалықты сақтау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік экологиялық инспектор Шолпанай Тұрсынқұл бастаманың маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
««Таза Қазақстан» бастамасы – қоршаған ортаны таза ұстаумен қатар, әр азаматтың туған жеріне деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды жоба деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметші ретінде бұл бастаманы қолдау мақсатында әр сенбі сайын ұйымдастырылатын сенбіліктерге қатысып, өзіміз қызмет ететін аумақтың тазалығына үлес қосып келемін. Сенбілік – бір күндік тазалық жұмысы ғана емес, қоғамдық ортаға деген жауапкершілікті қалыптастыратын жақсы дәстүр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы қоғамды ортақ іске жұмылдырып, тазалық пен еңбек мәдениетінің маңызын арттырып келеді. Әр адам өз ауласынан, өз көшесінен және өз жұмыс орнынан бастап тазалыққа үлес қосса, оның нәтижесі бүкіл қала мен елдің көркеюінен көрінеді. Таза қала – баршаға ортақ жауапкершілік. Бүгінгі жасалған игі іс – келер ұрпаққа қалдырар жақсы үлгі. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасы әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналса, еліміздің қоршаған ортасы да, қоғамдық мәдениеті де жақсара түсері сөзсіз», – деді Шолпанай Тұрсынқұл.