Астанада жол-көлік оқиғаларының саны 30 пайызға қысқарды
Елордада бейнебақылау инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілді: Smart City жобасы аясында Жол қозғалысы ережесінің сақталуын тіркеудің 1,2 мыңнан астам кешені іске қосылды, ал Ахуал орталығына 60 мыңнан астам камера біріктірілді, бұл автоматты түрде тіркелетін ереже бұзу оқиғаларын 4-тен 15 түрге дейін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл туралы Үкімет отырысында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Қаланың көше жолдарына артып келе жатқан жүктемені ескере отырып, елордада көлік жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жасанды интеллект базасында бейнеаналитиканың 35 түрін енгізу ЖКО санын 30%-ға төмендетуге мүмкіндік берді», - деді Жеңіс Қасымбек.
Бүгінде Астанада 471 мың көлік құралы тіркелген. Ол жыл сайын 25-30 мың көлікке өсіп отырады. Көлік ағындарын басқару интеллектуалды ITS жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Оған бағдаршам нысандарының 80%-ы кіріктірілген. Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы бүгінде 12 мобильді кешенді іске қосты. Ол күн сайын 3 мыңнан астам ереже бұзу деректерін тіркейді.
Еске сала кетейік, ІІМ жолдардағы орташа жылдамдықты бақылау учаскелерінің санын арттырады.