Қазақстанда жыл басынан бері 13,7 миллионнан астам электрондық медициналық анықтама берілді
Қазақстанда медициналық құжаттарды электронды форматқа көшіру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Жыл басынан бері азаматтарға 8 миллионнан астам медициналық анықтама мен еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілді. Бұдан бөлек, диспансерлік есепте тұрғандарға (психиатрия, наркология және фтизиатрия бағыттары бойынша) 5,7 миллионға жуық анықтама электронды түрде қалыптастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда бұл цифрлық құжаттар күнделікті өмірде кеңінен қолданылады. Мәселен, олар медициналық тексеруден өту, дәрігерлік комиссия қорытындысын алу, еңбекке жарамсыздықты немесе мүгедектікті белгілеу кездерінде қажет. Сонымен қатар санаторийге жолдама алу, балалардың медициналық қағаздарын әзірлеу, жұмысқа орналасу және мемлекеттік органдарға мәлімет өткізу барысында да электронды анықтамалар пайдаланылады.
Соңғы айларда №073/е нысанындағы анықтамаға сұраныс ерекше өскен. Маусымда бұл құжат 37 мыңға жуық рет берілсе, шілдеде 84,7 мыңға жетіп (129%-ға өсті), ал тамызда 147,5 мыңнан асты (шiлдемен салыстырғанда тағы 74%-ға көп).
Бұл анықтамалардың мұншалықты көбеюіне Ішкі істер министрлігінің талабы себеп болып отыр. Мекеме 65 жастан асқан азаматтар мен мүгедектігі бар адамдардың медициналық тексеруін бақылауды күшейтті. Заң бойынша бұл санаттағы тұрғындар екі жылда бір рет медициналық тексеруден өтіп тұруы тиіс.
Құжаттарды цифрландыру халыққа медициналық қызметтерді алуды жеңілдетіп, қағазбастылықты азайтады. Сондай-ақ дәрігерлердің мойнындағы артық жүктемені жеңілдетіп, азаматтар, емханалар мен мемлекеттік жүйелер арасындағы байланысты ашық әрі жылдам етеді.