Жалпыұлттық аза тұту күні

Онкологияда робот хирургтің жұмысын қалай өзгертеді

23 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Онкологияда робот хирургтің жұмысын қалай өзгертеді
Фото: ДСМ

Алматы онкологиялық орталығында күрделі операциялар мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету процесіне роботтандырылған технологиялар енгізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заманауи технологиялар Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға таныстырылды.

Күрделі аз инвазивті операцияларға арналған роботтандырылған хирургиялық жүйе үлкен тілік жасаудың орнына бірнеше шағын тесу арқылы хирургиялық араласу жүргізуге мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, роботтың жоғары дәлдігі ірі қан тамырларының зақымдану қаупін азайтып, қан құю қажеттілігін төмендетеді. Сондай-ақ операциядан кейінгі асқыну, қабыну және инфекция қаупі де төмендейді.

Робот көмегімен жасалған операциядан кейін пациенттің ауырсынуы азайып, стационарда жату мерзімі қысқарады. Бұл науқастың қалыпты өміріне тезірек оралуына мүмкіндік береді.

Жүйе хирургке операциялық алаңды үш өлшемді әрі бірнеше есе үлкейтілген форматта көруге жағдай жасайды. Соның арқасында ең ұсақ қан тамырлары мен жүйкелерді анық көруге және хирургиялық қимылдарды жоғары дәлдікпен орындауға болады. Сонымен қатар робот хирургтің қолындағы дірілді жояды.

Орталықта министрге роботтандырылған дәріхана кешені мен дәрілік препараттарды жабық, герметикалық жағдайда дайындау жүйесі де таныстырылды.

Бұл технология дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің препараттарды қабылдау мен сақтаудан бастап, дайындау және пациентке беруге дейінгі барлық кезеңін автоматтандырады. Әр дәрі қаптамасына жеке цифрлық сәйкестендіру нөмірі беріледі. Бұл препараттың қозғалысын бақылауға және онымен жасалған барлық әрекетті тіркеуге мүмкіндік береді.

«Роботтандырылған технологиялар жекелеген процестерді жай ғана автоматтандырумен шектелмейді. Олар хирургиялық араласулардың дәлдігін, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің қауіпсіздігін және емдеудің әрбір кезеңіндегі бақылауды арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – ең алдымен пациенттің қауіпсіздігі мен мүддесіне бағытталған технологиялар», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов.

Бүгінде Алматыда онкологиялық аурулары бар 38 мыңнан астам пациент диспансерлік есепте тұр. Жыл сайын 27 мыңнан астам адам медициналық көмек алады. Соңғы сегіз жылда көрсетілген емдеу қызметтерінің көлемі 2,5 есеге артқан.

Сонымен қатар онкологиялық аурулар бойынша бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 46%-дан 75%-ға дейін өскен.

Роботтандырылған технологияларды енгізу онкологиялық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі болып отыр.

Бұған дейін радиофармацевтиканың ауруды анықтап, емдеуге қалай көмектесетінін жаздық.