Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихатты мерзімінен бұрын таратады
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Қазақстан Халық Кеңесі – баламасы жоқ, мүлде жаңа, инновациялық институт.
Әділетті Қазақстанның жарқын символы саналатын бұл құрылымның жөні де, жолы да өзгеше. Сондықтан, Кеңестің алғашқы мүшелеріне зор жауапкершілік жүктеледі.
Осы мәртебелі әрі беделді құрылымның табысты жұмысы сіздердің табанды еңбектеріңізге байланысты болмақ.
Сіздер қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтып, ел бірлігін күшейтуге жол ашатын игі істердің бастауында боласыздар.
Әрине, жол бастау оңай болмасы анық. Бірақ бір жағынан, бұл – үлкен құрмет және зор мүмкіндік.
Сіздер, халықпен етене байланыс орнатып, жасампаз бастамалар көтеру арқылы мемлекеттік басқару жүйесіне, тіпті, ел тағдырына ықпал ете аласыздар.
Ең бастысы, ұлт мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс», - деді Президент.
Мемлекет басшысы Халық Кеңесі өкілдері жоғары саяси мәдениеттің озық үлгісін көрсетуге тиіс екендігін айтты.
«Осы тұста, тағы бір мәселеге айрықша назар аударғым келеді.
Сіздер әрдайым халықпен тікелей байланыста болуларыңыз керек. Қиындықтан тайсалмай, күрделі мәселелерді батыл көтеру қажет.
Жұртты алаңдатқан мәселелерді терең зерттеп, қоғамдық талқылардың бел ортасында жүру маңызды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұғырнамасы осындай ашық диалог арқылы жүзеге асады.
Қоғамдық сенімді күшейтудің, яғни ұлттық бірегейлікті нығайтудың бұдан басқа жолы жоқ. Сондықтан, әр мәселеге тыңғылықты дайындықпен кірісу қажет.
Халқымыз «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп бекер айтпаған. Бірақ, басты талап: кез келген сын шынайы болуға тиіс.
Мәселені көтере отырып, оның шешімін де қатар ұсыну қажет.
Кеңестің әр мүшесі қарапайым этика нормаларын қатаң ұстануы керек. Халық Кеңесі өкілдері жоғары саяси мәдениеттің озық үлгісін көрсетуге тиіс», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихатты мерзімінен бұрын тарататынын айтты.
«Мен сөз басында еліміздің мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай жаңғыртылып жатқанын айттым.
Енді осы жұмысты тоқтатпай, тек алға қарай жүруіміз керек. Қазіргі кезеңде біз жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың сайлауын өткізуіміз қажет.
Мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституцияда және тиісті заңдарда айқындалған мерзімге дейін сақталады.
Дегенмен олардың көпшілігі Amanat партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты.
Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды.
Жалпы, жергілікті депутаттар аймақтағы жұртшылықтың мүддесін қорғайды, бюджетті бекітеді және басқа да міндеттерді орындайды.
Бір сөзбен айтқанда, елді мекендерді өркендету ісіне белсене атсалысады. Демек, өкілді органдар қызметінің заңға сәйкес болуы айрықша маңызды.
Сондықтан мен жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті Жарлыққа қол қоямын.
Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек.
Бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби корпусын қалыптастыруға жол ашып, оның жұмысына тың серпін береді.
Осы сайлаудың жоғары деңгейде және сапалы өтуіне сіздер де мол үлес қосасыздар деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент мемлекет мүддесі үшін табанды қызмет етуге шақырды.
«Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы құрамына кәсіби, отаншыл, қоғамдағы беделі жоғары, мықты азаматтар енді.
Бүгін біз алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді айқындап алдық. Қоғамымыз сіздерге зор үміт артып отыр.
Өздеріңізге жүктелген тарихи миссияның мән-маңызын терең түсініп, мемлекет мүддесі үшін табанды қызмет етесіздер деп ойлаймын.
Баршаңызға табыс тілеймін!
Қастерлі Отанымыз – Қазақстан өсіп-өркендей берсін!» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.