Жалпыұлттық аза тұту күні

Тоқаев: Қазақстан халқының бірлігін нығайту – өте маңызды мәселе

24 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Тоқаев: Қазақстан халқының бірлігін нығайту – өте маңызды мәселе
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде Конституцияны халыққа түсіндіру, ел бірлігін нығайту, Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесін жаңа институттың жұмысында пайдалану және қоғамдық тұрақтылықты сақтау бағытындағы міндеттерге тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Конституцияны түсіндіру және дәріптеу жұмысына заңгерлер, ғалымдар, мұғалімдер, еріктілер, кәсіпкерлер, ардагерлер мен мемлекет қайраткерлерін тарту қажеттігін айтты.

«Біздің биік мақсаттарымыз, нақты жоспарларымыз бар. Оның бәрін табысты жүзеге асыру үшін бірлігімізді бекемдеп, белсенді, табанды жұмыс жүргізуіміз керек.

Халық арасында Конституцияны түсіндіру, дәріптеу ісі бұл – өте жауапты жұмыс, оған үстірт қарауға болмайды. Осы саяси жұмысқа ілімі терең, тәжірибесі мол адамдарды шақыру керек, яғни заңгерлер, ғалымдар, мұғалімдер, еріктілер, кәсіпкерлер, ардагерлер мен мемлекет қайраткерлерін тарту керек болады», – деді Мемлекет басшысы.

Президент Әкімшілігіне осы жұмыстың кешенді және жүйелі тұғырын қалыптастыру міндеті жүктелетінін айтты.

«Ал Президент Әкімшілігінің міндеті – бұл жұмыстың кешенді және жүйелі тұғырын қалыптастыру. Аталған міндетті жүзеге асыруды Вице-Президент Ерлан Тынымбайұлы Қаринге тапсырамын. Жұмыстың барысы туралы екі аптада бір рет Президентке тіке баяндайды», – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының бірлігін нығайту Халық Кеңесінің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа институт Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың сабақтастығын сақтауы керек.

«Қазақстан халқының бірлігін нығайту – өте маңызды мәселе. Сондықтан Қазақстан Халық Кеңесі сабақтастықты сақтап, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың дәстүрі мен үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет. Бұл ретте бүкіл жұмыстың сапасын жаңа саяси және ұйымдастыру деңгейіне көтерген жөн», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы өз жұмысын аяқтағанымен, оның қалыптасқан институционалдық тәжірибесі жаңа Кеңестің қызметінде пайдаланылатынын айтты.

«Қазақстан халқы ассамблеясы, шын мәнінде, өз жұмысын аяқтады. Бірақ бұл ұйым аясында қалыптасқан пайдалы институционалдық инфрақұрылым керексіз болып қалады дегенді білдірмейді.

Сіздерге турасын айтайын: Қазақстан халқы ассамблеясының бірегей тәжірибесі ешқашан тарих қойнауына кетпейді, керісінше, Халық Кеңесінің жұмысында қолданылады», – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстандағы этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірліктің маңызын атап өтті.

«Жаһанды тұрақсыздық жайлап, дүрбелеңге толы кезеңге тап болдық. Алпауыт мемлекеттердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Осындай жағдайда Қазақстандағы уақыт тезінен өткен этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлік үлгісі алдағы уақытта да еліміздің қарқынды, орнықты дамуына берік негіз болады», – деді ол.

Сондай-ақ мемлекет этномәдени орталықтарға, театрлар мен бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау көрсететінін айтты.

«Біз этномәдени орталықтарға, театрларға, бұқаралық ақпарат құралдарына барынша қолдау көрсетеміз. Бұл – мемлекеттің конституциялық міндеті», – деді Президент.

Мемлекет басшысы ортақ мәдени мұраны сақтау мен дәріптеудің маңызын да атап өтті. Осы ретте Семейдегі Федор Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейіндегі реконструкция жұмыстарына тоқталды.

«Менің ойымша, ортақ мәдени мұрамызды көздің қарашығындай сақтау, дәріптеу айрықша маңызға ие. Мұндай бай мұраға мемлекеттік шекара бөгет болмауға тиіс.

Семейдегі Федор Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінде күрделі реконструкция басталды. Бұл жұмыс толықтай демеуші қаражаты есебінен атқарылады. Алдағы уақытта еліміздегі басқа да тарихи ескерткіштер мен музейлерді ретке келтіруіміз керек», – деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев медиация институтын қолдау қажеттігін айтып, оның қоғамдық тұрақтылықтағы рөліне назар аударды.

«Медиация институтына қолдау көрсету қажет. Өйткені бұл – кез келген кикілжіңнің алдын алып, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтатын әмбебап әрі пәрменді тетік», – деді Президент.

Сонымен қатар жастар мен спорт ұйымдарының, еріктілер желісінің, қайырымдылық қорларының, Аналар және Ақсақалдар кеңестерінің жұмысына жаңа серпін беру міндеті тұрғанын айтты.

Президент бірнеше жыл бұрынғы су тасқыны кезінде этномәдени бірлестіктер өкілдерінің зардап шеккен өңірлерге көрсеткен көмегін де ерекше атап өтті.

«Бірнеше жыл бұрын елімізді бұрын-соңды болмаған су тасқыны әбігерге салды. Сол кезде этномәдени бірлестіктердің өкілдері зардап шеккен аймақтарға үлкен көмек көрсетті – қалпына келтіру жұмыстарына атсалысып, қиын жағдайға тап болған адамдарды жұбатты.

Мемлекет шын ниетпен жасалған бұл еңбекті бағалайды, халқымыз жақсылықты ешқашан ұмытпайды», – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы осындай оқиғаларды кейінгі ұрпаққа үлгі болатын тарихи құжаттарда сақтау қажеттігін айтты.

«Елдің ынтымақ-бірлігі, жасампаз отаншылдығы жарқырай көрінген осы мысал келесі ұрпақ ғибрат алатын бейне және фотоқұжаттарда сақталып қалуға тиіс. Жанкештілік пен жанашырлықтың үлгісін көрсеткен мұндай сәттер аз емес», – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңартылған саяси жүйедегі Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи рөліне тоқталды.

«Сондықтан жаңартылған саяси жүйеде Қазақстан халқы ассамблеясының тарихи рөлі еш кемімейді, керісінше, күшейе түседі», – деді Мемлекет басшысы.