Бану Сегізбаева: Халық Кеңесі ашық диалогтың тұрақты институты болады
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшы-консультанты Бану Сегізбаеваның айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысқа кірісуі елдегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңін қалыптастырады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сарапшы Мемлекет басшысының Халық Кеңесін «баламасы жоқ, мүлде жаңа, инновациялық институт» деп атағанын атап өтті. Оның пікірінше, жаңа құрылым азаматтар мен мемлекет арасындағы ашық диалогты тұрақты институт деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысы бүгін Қазақстан Халық Кеңесінің отырысында бұл құрылымды «баламасы жоқ, мүлде жаңа, инновациялық институт» деп атады. Кеңестің жұмысқа кірісуімен саяси жүйені жаңғыртудың ауқымды циклі аяқталды.
2019 жылы жарияланған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жеті жыл ішінде мемлекеттің бүкіл құрылымын қамтыған реформаға ұласты. Президент бүгін бұл тұғырнаманың ашық диалог арқылы жүзеге асатынын атап өтті. Халық Кеңесі осы диалогтың тұрақты институты болмақ», – деді сарапшы Бану Сегізбаева.
Сарапшы саяси реформалардың негізгі кезеңдеріне де тоқталды. Оның айтуынша, 2026 жылғы 15 наурыздағы референдум мен жаңа Конституцияның күшіне енуі мемлекеттік басқару жүйесіне бірқатар институционалдық өзгеріс әкелді.
«Реформаның шешуші сәті 2026 жылғы 15 наурыздағы референдум болды. 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция екі палаталы жүйеге нүкте қойып, пропорционалды жүйемен бес жылға сайланатын 145 депутаттық бір палаталы Құрылтайды енгізді. Бұл заң қабылдау жолын қысқартып, әр шешім үшін саяси жауапкершілікті нақты партияларға жүктеді.
Құрылтайдың келісімімен тағайындалатын Вице-президент институты билік сабақтастығын құқықтық тұрғыдан бекітті. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Президентке тікелей бағынатын дербес органға айналып, ақпарат, технология, азық-түлік, су және энергетика қауіпсіздігін басымдыққа алды. Бұл тәсіл қауіпсіздікті халықтың күнделікті өміріне әсер ететін салалар арқылы қарастырады», – деді Бану Сегізбаева.
Ол Халық Кеңесінің құрамына, өкілеттігіне және Президент қойған талаптарға да назар аударды.
«Халық Кеңесінің 126 мүшесі этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер арасында тең бөлінген. Кеңес Құрылтайға заң жобаларын енгізіп, референдум өткізу туралы бастама көтере алады. Президенттің бүгін қойған талабы осы өкілеттікпен тікелей байланысты.
Мәселені көтергенде оның шешімін де қатар ұсыну талабы Кеңестің ұсыныстарын Құрылтайға жететін дайын заң бастамаларына айналдыруға бағытталған. Мемлекет басшысы сынның шынайы болуын басты шарт етіп, Кеңес мүшелерінен жоғары саяси мәдениеттің үлгісін күтетінін айтты», – деді сарапшы.
Бану Сегізбаева саяси жаңғырудың алдағы кезеңіне де тоқталды.
«Президент жаңғыру жұмысы тоқтамайтынын нақты қадаммен көрсетті. Мәслихат депутаттарының көпшілігі «Amanat» партиясынан сайланған, бұл партия «Әділет» партиясына қосылып, қызметін тоқтатты. Сондықтан Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен кеңесіп, тиісті Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді.
Бұл қадам жаңа саяси архитектураның логикасын Құрылтайдан бастап жергілікті өкілді органдарға дейін жеткізеді. Алдағы кезеңде реформаның бағасы институттардың нақты нәтижесімен өлшенеді. Президент атап өткендей, бұл жұмыста ұлт мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс», – деді Бану Сегізбаева.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихатты мерзімінен бұрын тарататынын мәлімдеді.