Астанада мас күйінде көлік жүргізген ер адам 20 тәулікке қамалды
Елордада жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мас күйінде көлік құралын басқару фактілерінің алдын алуға бағытталған рейдтік-профилактикалық іс-шаралар жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері Бөгенбай батыр даңғылының бойында Kia Rio автокөлігін тоқтатты.
Тексеру кезінде 37 жастағы жүргізушінің көлік құралын басқару құқығы жоқ екені анықталды. Сонымен қатар жүргізушінің мас күйінде көлік басқарғаны белгілі болды.
«Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, одан жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күй анықталған. Аталған факті бойынша жүргізуші ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 6-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.
Сот қаулысымен құқық бұзушы 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Көлік құралы коммуналдық мамандандырылған тұраққа қойылды.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, мас күйінде көлік жүргізбеуге шақырды. Мұндай әрекет жүргізушінің өзіне ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Еске салсақ, Жамбыл облысында ауыр жүк көліктерін бопсалаумен айналысқан топ ұсталды.