Жамбыл облысында ауыр жүк көліктерін бопсалаумен айналысқан топ ұсталды
23 қыркүйекте Жамбыл облысында шекара бекеті арқылы өтетін автокөлік жүргізушілерінен жүйелі түрде ақша бопсалаған күдікті қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«27 тінту іс-шарасы жүргізілді. Суық қару, байланыс құралдары, ірі көлемдегі қаражат, сондай-ақ автомашиналар тәркіленді. Тергеу бір топ адам жасаған бопсалау фактісі бойынша жүргізілуде. Қазіргі уақытта заңсыз әрекеттердің барлық мән-жайлары, оған қатысушылардың әрқайсысының рөлі, сондай-ақ ықтимал қосымша эпизодтар анықталуда», - делінген хабарламада.
ІІМ ұйымдасқан қылмыстық топтар мен азаматтарға және бизнес өкілдеріне қысым көрсететін адамдардың әрекетіне тосқауыл қою бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады.
Еске салайық, бұған дейін жыл басынан бері еліміздің бірқатар өңірінде бопсалау, адам ұрлау бойынша 24 қылмыстық топ мүшелерінің заңсыз әрекетінің жолы кесілгені туралы жаздық.